Қаратауда 7 жастағы баланың бет-аузын ит талап тастаған

Қаратау қаласында 7 жастағы баланы ит талап, бет-аузын, екі аяғын жаралаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бала ес-түссіз күйде ауруханаға шұғыл жеткізілген.

"Баланың оң жақ бет аймағы тістелген және екі аяғы ашық жараланған, көп қан кеткені белгілі болды. Уақыт күттірмей, аудандық аурухананың бас дәрігерінің емдеу-алдын алу ісі бойынша орынбасары Муратқали Отыншиев бастаған дәрігерлер тобы шұғыл түрде ота жасауға кірісіп, ашылып кеткен еттің бетін тігуге кірісті", - делінген хабарламада.

Баспасөз қызметі мәліметінше, отадан басқа, науқасқа құтыруға қарсы вакцина егіліп, антибиотикалық емдеу басталған. Ұзақ әрі күрделі жасалған хирургиялық араласудан соң, ашылған терінің беті тігіліп, балада қан айналымы жүре бастайды. Ота сәтті өткені айтылды.

"Қазіргі уақытта науқас жансақтау бөлімінен хирургия бөліміне ауыстырылды. Жағдайы бірқалыпты жақсарып келеді. Хирургия бөлімінде әрі қарай тиісті ем-домын қабылдап жатыр. Баламен аудандық аурухананың психолог мамандары жұмыс жасайды", - делінген хабарламада.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз