Татуласуы мүмкін: министр Бейбіт Шүменовтің ісіне қатысты пікір білдірді

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Астанадағы Mega Silkway сауда ойын-сауық орталығында қолына бала ұстаған ер адамды ұрып-соққан спортшы Бейбіт Шүменовтің ісіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Министрдің сөзіне қарағанда, алдымен қос тарапты татуластыру нұсқасы қаралуы мүмкін.

"Бұл істің ауырлығы орташа санатқа жатады, сол себептен екі тарапты татуластыру жағы да қарастырылады. Десе де сотқа дейінгі толыққанды тергеу жүргізілген соң ғана шешім қабылданады", - деді Ахметжанов.

Жауапты шенеунік журналистердің сауалына орай, АҚШ асып кеткен спортшыны іздеу жұмыстарына Қазақстанның бюджетінен қаржы жұмсалмайтынын атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Астанадағы ірі сауда және ойын-сауық орталығының фудкортында төбелес болып, қолында кішкентай баласы бар адамға екінші ер адам шабуыл жасағаны хабарланған еді. Telegram-арналардың бірінің мәліметінше, төбелеске қатысушылардың бірі - қазақстандық кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменов.

Кейінірек полиция осы жағдайға қатысты пікір білдірді. Ал ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сұнтаев Астанадағы кафеде ер адаммен төбелескен адам боксшы Бейбіт Шүменов екенін растады.

Кейінірек Бейбіт Шүменов оқиғаға қатысты пікір білдіріп, қалай болғанын айтып берді. Содан соң Бейбіт Шүменовке іздеу жарияланды.

Айта кетейік, Бейбіт Шүменов – танымал қазақстандық кәсіпқой боксшы. Мансабын 2007 жылы бастаған. 19 жекпе-жек өткізіп, 17-де жеңіске жеткен. 2 кездесуінде қарсыласына есе жіберген. 2017 жылы жарақатына байланысты мансабын аяқтаған.

Азамат Қойшығара