Депутат Самат Мұсабаев ұшақ кешіксе билет ақшасын қалай қайтарып алуға болатынын түсіндірді

Депутат Самат Мұсабаев ұшақ кешіксе билет ақшасын қалай қайтарып алуға болатынын түсіндірді
Фото: Тұрар Қазанғапов

Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев рейс кешіксе өтемақыны қалай қайтарып алуға болатынын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы депутат Facebook-парақшасында айтты. Самат Мұсабаевтың сөзінше, жақында депутат Еділ Жаңбыршин екеуі Маңғыстауға бірге ұшпақ болған екен. Алайда ұшақ кешігіп ұшқан.  

"Астана әуежайына біз уақтылы келгенімізбен, Air Astana-ның ұшағы уақтылы ұша қоймады. Уақтылы дегенде жарты сағат, бір сағат дегенге етіміз әбден үйренді ғой. Енді бұлар екі сағат, үш сағаттап ұшпауды шығарыпты. Біздің ұшағымыз бақандай үш жарым - төрт сағатқа кешігіп ұшты! Отандық әуе компанияларының осы жауапсыздығына зығырданым қайнап жүретін", - дейді Мұсабаев. 

Депутаттың сөзінше, былтыр Мәжіліске келген көп заңның бірі - дәл осы тақырыпқа қатысты "Көлік туралы заң" болған.

"Жиі ұшамын, кешіккен ұшақтың кесірінен талай аузым күйді, көптеген әріптестер де, азаматтар да жиі айтатын осы мәселені. Алдымызға келген заңға "тасымалдаушы тарап ұшақ, пойыз, автобус құралдарын кешіктірген әр сағатқа билет құнының 3 пайыз өтемақы ретінде қайтаруы тиіс" деген түзетуді Еділ Терекбайұлы екеуіміз ұсындық! Яғни, ұшақ, пойыз немесе автобус бір сағат кешіксе 3 пайыз, екі сағатқа 6 пайыз, осылай қосыла береді. Тіпті, бұлай жалғаса берсе жолаушы билет құнын толық қайтарып алуы да мүмкін", - дейді Самат Мұсабаев. 

Депутат бұл тасымалдаушыларға ұнағанын, алайда халыққа керек түзету, ел үнемі шағымданатын нәрсе болған соң сөздерінен танбай, айтқаннан қайтпай отырып алғанын айтады. 

"Ақыры, Мәжіліс заңға толықтыру енгізді, Сенат мақұлдады, қаңтар айында Президент қол қойды. Сүйтіп, осы жылдың басынан бері бұл заң күшінде! Air Astanaның ұшағы төрт сағатқа жуық кешігіп ұшты. Еділ ағам екеуміз елге аман есен жеттік. Үйге келдім де, "өзіміз ерекше еңбек сіңірген заң еді, қалай жұмыс істеп тұрғанын көрейінші" деген оймен, компанияның ресми сайтына кіріп, шағым қалдырдым", - дейді ол. 

Оның сөзінше, шағымды беру үшін үш қана қадам жасалады. Осылайша, ол үш сағаттан астам уақыт үшін билет құнының 10 пайыз сомасын қайтарып алған. 

"Бұл үшін не істеу керек? Реті былай:

  1. Компанияның ресми сайтына кіресіз. Тікелей сілтеме: help.airastana.com. Осы жерге толық аты-жөніңізді, билет нөмірін, рейс нөмірі, ұшу уақыты қаншаға кешіккені және электрон поштаңызды жазасыз. Яғни, шағым қалдырасыз.
  2. support@help.airastana.com - тұтынушылардың қолдау бөлімінен жауап келеді, "сіздің шағымыңыз тіркелді" деген жауап болады және қосымша анкета жолданады. Осы анкетадағы сұрақтарға жауап бересіз. Аты-жөніңіз бен ақшаны қайтару үшін есепшот нөміріңізді жазасыз.
  3. "Өтінішіңіз бойынша талап еткен өтемақы сомасы сіздің шотыңызға жіберілді" деген хабарлама келеді. Осылайша, Сіз Мәжіліс қабылдаған заңның игілігін көресіз!

Өз басымнан кешкен оқиға. Өзіміз енгізген ұсыныстың, қабылдаған заңның жұмыс істеп тұрғанын көріп, қуандым", - деп түсіндірді депутат. 

Бірақ Еділ Жаңбыршин екеуі ұшқан рейспен Ақтауға 180 жолаушы келген.

"Солардың арасынан компанияға шағым түсіріп, өтемақы талап еткен жалғыз мен болармын. Егер, сол 180 адамның әрқайсысы шағым жасап, кем дегенде 8-9 мың теңгеден өтемақы алатын болса, сол күні Air Astana кешіккен бір рейс үшін шамамен 1 440 000 теңгедей өтемақы төлеген болар еді... Әр рейс үшін бір жарым миллион төлеп отыру кімге ұнайды? Келесіде кешікпеуді үйренер еді! Құрметті ағайын, бұл жазбам мақтан да емес, міндетсіну де емес. Бұл халқымыз заңның тетіктерін біліп, өзінің құқықтарын толығымен пайдаланса екен деген тілек! Егер осындай кішкентай нәрселерден бастап талап ете білсек, алып компанияларды жауапкершілікке үйретеміз, бірте-бірте тұтас қоғамға өзгеріс әкелеміз. Бәрі өз қолымызда!", - деп түйіндеді сөзін депутат. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина