"Біз осы жерді ұстаймыз". Тұрғындар өліммен аяқталған оқушылардың төбелесі туралы айтып берді

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Бәйдібек би ауылының тұрғындары оқушылар арасындағы жаппай төбелес пен сол тәртіпсіздік кезінде мерт болған жасөспірім туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтема жасап.

Төбелеске қатысқандардың арасында 30-дан асқан ересектер де болыпты. Ал ең кішісі – 17 жастағы жасөспірім.

Қақтығыс далада болған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бір мектептің 20 шақты және өзге мектептің 50-ден аса баласы бір-бірімен төбелескен. Алайда арасынан біреуі адамға оқ атқаннан кейін бәрі жан-жаққа қаша жөнелген.

Денесіне оқ тиген бала да қансырап қашып, сол маңдағы үйдің алдына келеді. Есігі жабық болған соң есігінен секіріп өтіп, шыңғыра көмек сұраған. Аяғының ізі қақпада әлі тұр.

"Мына жерде "Тәте, демала алмай жатырмын, жедел жәрдем шақырыңызшы" деп айқайлап жатыр екен. Содан мен жедел жәрдем шақырдым. Сол кезде көшенің басына шыққан кезде қасымнан 30 баладай өтті. Бетінде маска, басында кепка, қолында қаруы, таяғы бар. Бір-екеуі "Біз осы жерді ұстаймыз, біз билейміз осы жерді, біз басқарамыз осы жерді" деп айтты, айғайлап кетіп бара жатты", - деді Бәйдібек би Гүлмира Мұсаева.

Алайда жедел жәрдем жеткенше жасөспірім мерт болған. Мәрленнің жасы 17-де. 9-сыныптан кейін колледжге кетіп, аспаз мамандығына оқыған. Демалысында ауылдағы әке-шешесіне көмектесемін деп келіпті.

"Істеген адамдар заңды жазасын алсын. 80-70 адам істеп отыр бұны. Тоғыз ғана адам ұсталып отыр. Оның ішінде екеуі "күдікті" дейді. Басқа адамдардың бәрі жазалансын. Баяғыдан келе жатқан нәрсе бұл – екі жақтың соғысы. Бәрі жылы жабылып қалып жатыр. Менің баламның өлімі жылы жабылып қалмасын деп, мен баратын жердің бәріне барамын", - деді марқұмның анасы Эльнора Айдарова.

Күдікті жасөспірімдердің әке-шешесі кешірім сұрап келген, бірақ жиынның соңы тағы да жанжалға ұласып кеткен.

"Мәрлен үйде болған. Бізге учаскелік полицей "Алматыдан келген" деп өтірік ақпарат жазып отыр. Ол үйде жатқан. Мәрленнің телефоны болмаған. "Інісіне келсін" деп хабарласқан. Сосын аяқасты сағат бір шамасында шығып кеткен. Сондағысы жарты сағаттың ішінде хабар келіп тұр", - дейді марқұмның әпкесі Аяулым Айдарбекқызы.

Ауыл тұрғындары жаппай төбелестің бірнеше себебін айтып отыр. Бірі - өз араларындағы кикілжің десе, өзгелері бір-бірін күштеп басқарғысы келген дейді. Әзірше "Адам өлтірді" деген күдікке біреуі ілінген. Ал қалған сегізіне "Бұзақылық" бабы бойынша іс қозғалған.

"Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 9-тармағы, 2-бөлігі, 14 тармағы және 293-бабы, 3-тармағы бойынша аудандық полицияда тіркелді және сотқа дейінгі тергеу басталды. Жедел іздестіру шарасында полиция қызметкерлері оқиғаға қатысы бар 20-дан астам баланы анықтап жеткізді. Оның тоғызы аудандық полицияның уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалып, барлық тергеу іс-шарасы жүргізіліп жатыр", - деді Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайділдин.

Ал қару сол ұсталғандардың бірінің әкесіне тиесілі екен. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз