Миллиардтар бөлінген Семей-Көкпекті күре жолы 6 жылдан бері бітпей келеді

Абай облысында республикалық маңызы бар тас жолдардың құрлысы әлі аяқталар емес. Әсіресе, Семей- Көкпекті бағытындағы күре жол алты жылдан бері жөнделіп біткен жоқ. Салдарынан жүргізушілер "ойдым-ойдым айналма жол әбден діңкелетті" дейді. Тіпті көліктері жарты жолда бұзылып, жолаушылар діттеген жеріне жете алмай қиналады екен. Сондықтан жол азабын тартқан жұрт сағызша созылған құрылысты тезірек аяқтауды талап етуде, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.


Семей - Көкпекті бағытындағы тас жол құрылысы аттай алты жылға созылғанымен әлі аяқталмаған. Сондықтан жүргізушілер шұрық-тесік айналма жолмен амалдап жүр екен.

"6 жылдан бері жол жоқ. Мен жолдың нашарлығынан Қалбатаудан бері қарай 34 литр жанармай артық жұмсаймын. Көлігім сынса, оның сатып алатын қосалқы бөлшектері бар. Ана айналма жолмен жүруге көлік шыдамайды. Қашан жасап бітетіні белгісіз. Тас-талқаны шыққан айналма жолмен жүк көліктері тіпті жүре алмайды. Өйткені төселген қиыршық тас техниканың доңғалағын тіліп түседі"- дейді Дәмір Мирзасов есімді Көкпекті аулының тұрғыны. 

Діттеген жеріне жете алмай жолда қалғандардың бірі Рауан Оразалин. Жол азабын әбден тартқан ол "көлігімнің дөңгелегі жарамсыз болып қалды" деп жанайқайын жеткізді. Оның айтуынша жолға жауаптылар Қалбатау маңындағы тасжол құрлысы 2018 жылы басталғанын айтады. Бірақ әлі бітпеген. Себебі жолды жөңдеуге жауапты мердігер өз жұмысын аяқсыз қалдырған. Қазір компания қара тізімге ілініп, тексеріс басталған екен. Ал, қалған жұмыстарды толық аяқтау өзге мердігерге міндеттелген.

"Серіктесі құрылысмонтаждау жұмыстарындағы шарттық міндеттемелерін орындамаған. Сондықтан, бүгінгі күні консорциум көшбасшысымен шартқа қол қойылды. Олар келісім-шартқа сәйкес 2024 жылы жалпы ұзындығы 415 шақырым болатын объект учаскесін толық аяқтауы керек" деді "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Жұқабетов.

Жаңа тас жол Қалбатау-Майқапшағай трассасының бірнеше учаскелерін қамтиды. Абай және Шығыс Қазақстан облысындағы жобаларға 158 миллиард теңге қарастырылған. Қазір, асфальт төсеуге 150 техника мен 200 адам жұмылдырылған. Ал құрылыс толық аяқталғанша, жауаптылар шаң-тозаңы шыққан айналма жолға су сеуіп, оны тегістеп отыруға уәде берді.


Жайна Серікбекқызы

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!