Тимур Қарағойшин Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болып тағайындалды

Тимур Қарағойшин Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болып тағайындалды
Фото: t.me/KZgovernment

Тимур Қарағойшин Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болып тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Үкіметтің қаулысымен Қарағойшин Тимур Жиенбайұлы ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы қызметінен босатылып, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі қызметіне тағайындалды", - делінген хабарламада.

Тимур Қарағойшин 1961 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген.

Алматы сәулет-құрылыс институтын, Технология, құрылыс, бағалау және сапа менеджменті университетін бітірген.

Еңбек жолын 1978 жылы бастаған. Осы жылдары Орал облыстық атқару комитетінің сәулет және құрылыс комитетінде жылжымалы механикаландырылған колонналардың бригадирі, шаруашылық бюросының директоры және БҚО аудандық басқармаларында басшылық қызметтерде болды.

2001-2002 жылдары - Экономика және сауда министрлігі Құрылыс істері комитетінің Батыс Қазақстан облыстық орталығының директоры.

2005-2007 жылдары Орал қаласы әкімінің орынбасары, 2008 жылдың қазанынан қарашасына дейін әкімнің кеңесшісі болды.

2007-2008 жылдары - "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ филиалының жобалау және күрделі құрылыс дирекциясының директоры.

2011-2013 жылдары Ақмола облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментін басқарды. 2013 жылы Өңірлік даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің құрылыстағы сметалық нормалар департаментін басқарды.

"Мемлекеттік сараптамада" басшылық қызметтерде жұмыс істеген.

2023 жылдың сәуірінен осы уақытқа дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы – бас мемлекеттік құрылыс инспекторы қызметін атқарған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Алғабек