"Әпкеңіз жол апатына түсті". Ақтөбелік зейнеткер жалған "полицейге" сеніп, 1 миллион теңгесінен айырылып қалған

Ақтөбелік полицейлер зейнеткердің ақшасын иеленген алаяқты қолға түсірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

6 тамызда қалалық полиция бөліміне зейнеткер әйел арызданған. Оның айтуынша, оған белгісіз адам қоңырау шалып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, әпкесі жол-көлік оқиғасын жасағанын хабарлаған.

"Жалған полиция қызметкері жәбірленушіні оңалту және қылмыстық іс қозғамау үшін шамамен 1 миллион теңге талап еткен. Қатты алаңдаған әйел мән-жайды тексерместен, алаяққа сеніп, сұраған ақшасын беріп жіберген. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер жәбірленушінің үйіне қолма-қол ақша алу үшін келген жігітті анықтап, ұстады. Ол 32 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Полиция ұсталған адамның тағы бір ұқсас эпизодқа қатысы бар екендігін анықтады", - делінген хабарламада.

Осыған ұқсас жағдайда полицияның "102" нөміріне қоңырау шалу және ақпаратты тексеру керек екені ескертілді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз