Астанада суға батқан баланы құтқарып қалған әйел туралы тың деректер шықты

Суға батқан баланың өмірін сақтап қалған әйел полиция қызметкері болып шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.  

Видеодан суда ес-түссіз жатқан баланы құтқарушы қыздың шығарып жатқанын байқауға болады. Кейін оны ер адам жерге көтеріп жатқызады. Сол сәтте көмекке демалушы әйелдердің бірі келеді. Ол дереу қимылдармен жүрек-өкпе реанимациясын жасап, баланың тынысын қайтарды.

Жедел жәрдем қызметі келгеннен кейін бассейн қызметкерлері баланы дәрігерлерге тапсырды.

Қазір оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Ата-анасы баланы құтқаруға қатысқандардың барлығына алғыстарын білдірді.

Алғашқы медициналық көмек көрсеткен әйел - Назым Шәріпова. Ол "Есіл" ауданының полиция басқармасында анықтаушы болып жұмыс істейді. Сол күні полицей әйел отбасымен бірге демалыста болған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!