"Ең қымбаты 350 мыңға дейін". Қызылордалық шебер аяқкиімінің қымбат болу себебін айтты

"Ең қымбаты 350 мыңға дейін". Қызылордалық шебер аяқкиімінің қымбат болу себебін айтты
Фото: Автордан

Қызылорда облысы Шиелі ауданында тұратын шебер Жандәулет Құрманбекұлы аяқкиім шығаруды қолға алған. Өнім әзірге тек ер адамдарға арналған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өйткені әйелдердің аяғына шақталған қалып әзірге болмай тұр. Ер адамдарға арналған модельдің өзі санаулы ғана. Құрал-жабдықты көбейтейін десе, қаржы қолбайлау.
Шебер жеңілдетілген шарттармен несие де, қайтарымсыз грант ақшасын да алған.

"Несие аларда үйімді кепілге қойдым. Ол ғана емес, көлігімді саттым. Қорада тұрған екі-үш түлікті де кәсіпке инвестиция ғып құйдым. Кәсіп аясын кеңейттік. Жұмысымыз ақырындап алға жылжып келеді. Енді тағы біраз нәрсе алу керек", - деді кейіпкеріміз.

Шебер таза былғарыдан мәсі, құрым, көкпар, саптама етіктерін, үйішілік аяқкиімдер тігеді. Бағаны материалдың сапасына, жұмыстың күрделілігіне қарай белгілейді.

"Мысалы, саптама етік - 350 мың, ұзын қонышты етік - 50 мың, қысқа қонышты - 30 мың, туфли - 45 мың, мәсі 40 мың теңгеден басталады, - деді ол.

Жандәулет Құрманбекұлы бұрын жүк көлігінің жүргізушісі болған. Ата мен әкеден дарыған ісмерлік қасиет оны ақыры осы жолға әкелді.

"Атамнан қалған қаншама бұйым бар еді. Содан қалғаны өзі жасаған кебіс қана. Арада қанша уақыт өтсе де сыры кетпеген. Фирмалық туфли сияқты. Ағаш шегемен шегеленген. Ол қайыңнан жасалады. Иілгіш. Су тисе, былғарымен бірге ісініп, қайтадан қалпына келеді", - дейді шебер.

Әке аманатын орындап жүрген жігіт жылына шамамен 100-120 шақты өнім шығарады. Қарамағында 4-5 адам еңбек етіп жүр. Аяқкиім өндірісінде өзіндік қолтаңбасы бар ұстазы Жақсымбек Өмірқұлұлынан да үйренгені көп.


Назерке Саниязова

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Қ. Әбілдәқызы