Абай облысында он мектеп оқу жылына дайын емес

Облысқа қарасты 298 мектепке тексеру жүргізу нәтижесінде 10 мектептің жаңа оқу жылына дайын еместігі  анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Абай облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Айжан Садықова Ақсуат, Үржар, Жарма аудандары және Семей қаласы бойынша мектептердің білім ордаларының жаңа оқу жылына дайын еместігін атап өтті.

Айжан Садықованың айтуынша, Үржар ауданы бойынша Көктерек орта мектебіндегі күрделі жөндеу жұмыстары желтоқсан айының соңына дейін созылу қаупі бар. Тексеру барысында жөндеу жұмыстарын тек 9 адам жүргізгені анықталды. Барқытбел мектеп-балабақшасының спортзалы қауіпті жағдайда, алайда бұл мектепті күрделі жөндеуден өткізуге қаражат бөлінбеген. Сонымен қатар 640 оқушыға арналған 561 бала білім алып жатқан Үржар ауылындағы Абай атындағы орта мектептің шаруашылық қажеттіліктеріне бір жылға тек 461 мың теңге бөлінген, бірақ ғимаратта бірде бір рет оқу жылының қарсаңында ретке келтіру жұмыстары жүргізілмепті.

Жарма ауданы бойынша Шар қаласында "Абай атындағы мектеп-балабақша кешені" КММ күрделі жөндеу жұмыстары оқу жылының басталуына кедергі келтіреді. Ақсуат ауданында 365 бала білім алып жатқан Ы.Кабеков атындағы орта мектебі 2021 жылы апаттық жағдайда деп танылғанымен, биылғы жылы да оқушылар осы апатты мектепте оқуға мәжбүр.

Семей қаласына қарасты Быхин атындағы орта мектепте маусым айында дауылды жел соққанда шатырдың жартысы ұшып кетіп, ол қалыпқа келтірілген. Енді шілде айындағы қайталанған апаттың нәтижесінде екінші жартысы ұшып кеткен, шұғыл түрде жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Знаменка орта мектебінде электр жүйесі апаттық жағдайда екені анықталды, яғни өрт шығу қаупінің алдын алу мақсатында шұғыл түрде жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс.

"Өткен оқу жылында Семей қаласында орналасқан №11 орта мектептің бір ғимараты апатты болып танылған алайда қазіргі таңда жаңа корпусының қабырғаларында жарылған іздер бар, шұғыл түрде техбайқаудан өткізуді қажет етеді. №31 жалпы білім беретін орта мектебінде электр жүйесін жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілмегендіктен жаңа оқу жылының ойдағыдай басталуы күмән туғызады. Жылу және сумен қамтамасыз ету жүйелері тозғандықтан "Восток Бройлер" ЖШС Аймауытов атындағы орта мектебіне жылу және сумен қамтамасыз ету қызметтерін тоқтатуды жоспарлауда. Мектептің канализациялық жүйесі толығымен істен шыққан" деді Айжан Садықова.

Айта кету керек, Департамент тамыз айының ортасында оқу жылына дайын емес деп анықталған оқу орындарын қайталап тексеретін болады.


Жайна Серікбекқызы

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!