"Ешкім де ештеңені мойындағысы келмейді". Атыраулық бүлдіршін балабақшада жарақат алып қалған

"Ешкім де ештеңені мойындағысы келмейді". Атыраулық бүлдіршін балабақшада жарақат алып қалған
Фото: AtyrauPress

Атыраулық бүлдіршін балабақшада жарақат алып қалған. Бұл туралы Гүлдей Бисекенқызы атты Facebook-қолданушысы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі AtyrauPress сайтына сілтеме жасап.

Жазба иесі Гүлдей Бисекенқызы баласының қатты жарақаттанғанын айтады.

"Балам Зульқорнайн, 4 тамызда Латиф Хамиди, 8 мекен-жайы бойынша орналасқан "Зейнеп-Амина және балапандар" балабақшасынан зақыммен келді. Үйге келіп киімін шешкен кезде жүрегім ұшып кетті. Директор бізге камера бар екенін ескерткен еді. Бірақ, бұл жолы камераның жасамай қалғанын сылтауратып отыр. Баламның күтушісі (нянка) оны тек жақсы көргеннен сипағанын айтады. Ал, директор тәрбиешіге шаң жуытпай, бәрін күтушіге жапқандай болды. Бұған дейін де осындай жағдай болған кезде ата-аналар полициямен бірге барып жасырып қойған камераны тауып алыпты. Ешкім де ештеңені мойындағысы келмейді", - деп ашынады ол.

Бұл жайтқа орай, Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев те пікір білдірді.

"Атыраудағы "Зейнеп Әмина" балабақшасындағы жағдайға байланысты, мәселенің тиісті орындар бақылауында екендігін айтқым келеді. Қазіргі уақытта жағдайды жан-жақты зерделеу бойынша Атырау облыстық білім беру басқармасы, Атырау қалалық білім бөліміне тапсырмалар бердім. Бала құқығы және қауіпсіздігі басты назарда. Сондықтан, баламен жұмыс жасайтын кез келген орталық ең алдымен жауапкершілікті сезінуі тиіс", - деді ол.

Ал, аталған балабақша әкімшілігі мәселенің қатаң бақылауға алынғанын жеткізді.

"Біз халық игілігі үшін жұмыс жасап отырған балабақшамыз. Бізге әр баланың қауіпсіздігі мен алып жатқан білімі, тәрбиесі маңызды. Оған ата-аналар куә. Әлеуметтік желіде айтылып жатқан мәселе бойынша міндетті түрде тексеріп, тиісті шешімін табамыз. Кінәлі адамдар заң шеңберінде жауап береді. Білім бөлімі мен және құзырлы органдармен бірлесе отырып жағдайды қатаң бақылауда ұстайтын боламыз. Қазір әлеуметтік желіде бір адамды қаралап бір видео не фото жүктесе, барлық халық даттай кетуге әзір", - делінген балабақша әкімшлігі таратқан хабарламада.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина