Абай облысында 221 жылдық өтілі бар теміржолшылар әулеті тұрады

Абай облысында 221 жылдық өтілі бар теміржолшылар әулеті тұрады
Фото: "Хабар 24"

Абай облысының Жарма ауданында 221 жылдық еңбек өтілі бар теміржолшылар әулеті тұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

Садықовтар отбасы Шар шаһарындағы жөндеу депосында жұмыс істейді. Серік Садықов кезінде әкесі жұмыс істеген Шар депосындағы қос доңғалақ жөндеу цехында еңбек етеді. Мұнда қашан да қарбалас. Ол әріптестерімен бірге еліміздің түкпір-түкпірінен келетін тепловоздардың дөңгелектерін жөндейді. 

"ТЭ33А" 376 моделі толық жөндеуге келді. Біліктері шешіледі, орталықтары шешіледі. Одан кейін тексеруге барады. Одан соң жуылуға барады. Толық өлшемдері алынады да жарықтары тексеріледі", - дейді қос доңғалақ жөндеу цехының шебері Серік Садықов. 

Жиырма адам еңбек ететін бұл цехта айына 30 доңғалаққа дейін жөнделеді. Серіктің інісі Бауыржан да осы мекемеде. Бірақ қызметі басқа. Ол тепловоздың доңғалағын емес, өзін жөндейді. 

"Тепловоздар жан-жақтан келеді. Өскемен, Семей, Астана, Павлодар, Аягөз, сол жақтардан. Күрделі жөндеуден өткіземіз. Енді "C0 1" тепловозын жөндеуге 12 сағат беріледі. "С0 2" тепловозына бір жұма уақыт беріледі", - дейді сервистік қызмет цехының шебері Бауыржан Садықов.  

Серік пен Бауыржанның әкесі Батырбек Садықов осында тепловоз машинисінің көмекшісі, тепловоз машинисі, цех шебері болып 40 жылдан астам уақыт еңбек етіпті. Теміржолшының әкесі мен үш ағасы да Шар депосында көп жыл тер төккен.  

"Теміржолда көбінесе техникалық қауіпсіздікке мән беріледі. Бірінші кезекте. Денсаулығына зиян болмасын деп. Бәрі соған тырысады. Адам таңертең жұмысқа келді ме, аман-есен кешкі үйіне оралғанына тәубе дейді. Бәріміз де теміржолшы болғаннан кейін теміржол институтын бітірдік, техникум бітірдік бәріміз. 43 жыл жұмыс істедім бір салада", - дейді теміржол саласының ардагері Батырбек Садықов.

"Бисеновтер, Садықовтар, Булановтар, Тырайыспаевтар, Манаповтар, Омаровтар әулеті. Бұлардың әкелері, аталары, балалары бізде қызмет істеген үлкен әулеттер өте көп бізде. Бізде мысалы, бір ғана Садықовтар отбасының еңбек өтілі 221 жыл болды", - дейді жөндеу депосының кадр маманы Тұрысбек Қанапиянов. 

Шар депосында орта есеппен айына 30-40 тепловоз, 40-60 тепловоз доңғалағы жөндеуден өтеді. Жүз елуге жуық адам жұмыс істейтін мекеме еліміздегі деполар арасында төрт мәрте "Үздік ұжым" атағын жеңіп алған. Еңбек қауіпсіздігі саласында қол жеткізген жетістігі үшін "Алтын каска-2023" сыйлығын иеленді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина