Күнге күйгенде не істеуге болмайды? Дәрігер кеңесі

Күнге күйгенде не істеуге болмайды? Дәрігер кеңесі
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Жаздың соңғы айы басталды, бірақ әлі де ыстықтың беті қайтар емес. Сондықтан күн сәулесінен қорғану шараларын ұмытпау қажет, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі doctorpiter.ru басылымына сілтеме жасап.

Күнге күю - ультракүлгін сәулеленуге терінің сыртқы қабатының зақымдану реакциясы. Күн сәулесінің ұзақ әсерінен кейін дене қызаруы мүмкін. Дәрігер Иван Ромасовтың айтуынша, терінің түсіне, адамның жынысына және жасына қарамастан кез келген адам күн сәулесінен күйіп кетуі мүмкін. Сондықтан жазда басты қорғаныс шаралары туралы ұмытпау қажет: күннен қорғайтын кремдер, баскиімдер, көзілдірік, кең киім. Әрине, күн сәулесінде аз болуға тырысу да маңызды, әсіресе, сағат 11.00-ден 14.00-ге дейін күн көзінде көп жүрмеген дұрыс.

Күнге күюдің бірнеше дәрежесі бар. Терапевтің айтуынша, бірінші дәрежелі күйікте өз күшіңізбен алдын алуға болады, ал екінші дәрежелі күйікте, терінің терең қабаттары зақымданған кезде адам өз-өзін емдемегені дұрыс. Екінші дәрежелі күйікті емдеуге бірнеше апта кетуі мүмкін. Оның белгілері:

  • тері қызарады;
  • көпіршіктер пайда болады;
  • күйген жерде тері ылғалданады;
  • қатты ауырсыну;
  • қалтырау;
  • бас айналу;
  • бас ауруы;
  • жүрек айну және құсу байқалады.

"Симптомдар ауыр болса, оның ішінде ұзақ уақытқа созылатын жоғары дене температурасы, әлсіздік байқалса, жедел медициналық көмекке жүгіну қажет", - деп ескертті дәрігер.

Күйік кезінде не істеуге болмайды: дәрігердің 7 тыйымы

Көбіне күнге күйіп қалғанда, сол тұсқа қаймақ, йогурт, айран немесе басқа ашытылған сүт өнімдерін жағуға кеңес беріледі.

"Олардың пайдасы туралы миф тым асыра айтылған. Осындай ашытылған сүт өнімдерінде кездесетін май жарылған көпіршіктердегі бактериялар көбеюіне жағдай жасайды", - дейді Иван Ромасов.

Күнге күйгенде мына шараларды жасауға болмайды:

  • жақпа қолданбаңыз;
  • мұз қолданбаңыз;
  • тығыз киім киюге болмайды, ол күйген жерге зақым келтіреді;
  • көпіршіктерді теспеңіз;
  • қабыршақты теріні жұлып алуға тырыспаңыз;
  • теріні құрғататын сабын мен басқа құралдарды қолданбаңыз;
  • күйген жерлерге сәндік косметика қолданбаңыз.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова