Шымкентте садақа жәшігінен ақша ұрлаған ер адам ұсталды

Шымкентте садақа жәшігінен ақша ұрлаған ер адам ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қаратау АПБ-ның "102" арнасына жергілікті тұрғын хабарласып, белгісіз тұлғаны ұрлық үстінде ұстағанын айтты.

Шақырту орнына дереу жедел-тергеу тобының қызметкерлері барды. Ер адам қаладағы ірі сауда нүктелерінің бірінде орналасқан қайырымдылық жәшігінен 20 мың теңгеге жуық ақша ұрлағаны анықталды.

Күдіктінің оғаш қылығын байқаған куәгерлер, оқиғаға бей-жай қарамай дер кезінде оны ұстаған. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-не тіркеді.

"Жергілікті тұрғын бұған дейін есірткі қылмысы үшін сотты болған. Қазіргі таңда жұмыссыз. Оған қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылды. Ұрланған қаражат қайырымдылық қорының иесіне қайтарылды. Жақын арада жинақталған іс-құжаттар айыптау актісімен бірге сотқа жіберіледі", - дейді Қаратау АПБ-ның анықтаушысы Дастан Ахмет.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!