Маңғыстаулық шеберлер бұйымдарын шетелге экспорттайды

Маңғыстаулық шеберлер бұйымдарын шетелге экспорттайды
Фото: "Хабар 24"

Маңғыстаулық шеберлердің түйе жүнінен әзірлеген бұйымдары Қырғызстанда сатылымға шығарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

Құрық ауылының 30-дан аса қыз-келіншегі тігін өнерін үйреніп, кәсіп ашуға мүмкіндік алып отыр. Құрықтағы тігін цехында жұмыс қызып жатыр. Бір бөлмеде бірнеше әйел балаларға арналған қыстық аяқ киімнің түр-түрін жасап жатыр. Әсіресе, байпақ пен шәркейге нарықта сұраныс жоғары екен. Тазаланған түйе жүнін илеу, қалыпқа келтіру, түрлі-түсті жіппен көмкеріп пішу қолмен жасалады. Осылайша, жылы әрі ыңғайлы, экологиялық таза өнім дайындалады.

"Бізден шығып жатқан өнімдерді сату, оларға орын белгілеу жөнінде ұсыныстар болды. Біз оны өте құптаймыз. Кеше ғана Қырғызстанға экспортқа жіберіп отырмыз. Бізде көптеген әйелдер бар, ауылдағы жұмыссыз әйелдер. Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі жандар бар және ағаштан, темірден жасайтын қолөнер шеберлерін біріктіріп, осы жерде жұмыс жасап жатырмыз. Көршілес қырғыз, өзбек елінде мал жүнін өңдеп, әртүрлі бұйым жасау өндірісі жақсы дамығаны белгілі", - дейді Құрық ауылының тұрғыны Анар Қошаева.

Мемлекет қолдауымен ашылған шағын кәсіпорында түйе мен қой жүнінен кәдесый, ойыншық, сырт және аяқ киімдер әзірленеді.

"Қазақстан бойынша бірінші болып экспортқа шыққан деп айтуға болады. Бүкіл Қазақстанға үлкен жеңіс деп санаймын. Өйткені ауыл әйелдерінің қолынан шыққан дүниелердің шетелге шығып тұрғаны осы күн болып тұр. Біз үшін бұл - үлкен мақтаныш", - дейді облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Сәуле Салихова.

Айыр қалпақты ағайын сұраныс берген жағдайда маңғыстаулық шеберлер тауардың жаңа партиясын жөнелтуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Жапонияға экспорттауға дайындықты бастады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова