Шымкентте тұрғындар үйінің кірберісіне қазақ батырларының суретін іліп қойған

Шымкентте ерекше көпқабатты үй жұртты сүйсінтті. Себебі тұрғындар үйдің кіреберісіне қазақ батырларының портреттерін іліп қойған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Көпқабатты үй Ахмет Байтұрсынұлы көшесі бойында орналасқан. Науқастың шақыртуымен үйге кездейсоқ келген жедел жәрдем қызметкері кіреберісті ішін видеоға түсіріп алып, желідегі парақшасында жариялады.

"Мен жедел жәрдемде істеймін. Неше түрлі подъезд бен үйлерді көремін. Бірақ мынандай үйді бірінші рет көріп тұрмын. Осы үй тұрғындарына риза болдым. Алланың нұры жаусын! Осы арқылы біздің өскелең ұрпақққа үлкен үлгі көрсетеміз, болашағымыз батырларын таниды. Міне, қарашы! Наурызбай батыр, Жанқожа батыр, Баян батырымыз. Өңшең мықты тұлғаларды іліп қойған. Сырым батыр, Саурық батыр, Сыпатай батыр, Қарасай батыр! Өте риза болдым. Алланың нұры жаусын сіздерге! Мынау нағыз батырымыз – Жәнібек батыр", - деді автор.

Видеоны көрген желі қолданушылары тарихты ұмыт қалдырмай, батырларымызды үлгі тұтқан тұрғындарға дән риза болды.

"Керемет", "Не шықса да Шымкенттен шығады десеңіздерші", "Осыны жасаған кісілерге Алла разы болсын! Өсіп келе жатқан жас ұрпаққа қаншама үлгі, өнеге болып тұр", "Жарайсыңдар", "Бұл үйде тарих немесе әдебиет пәнінің мұғалімі тұрады-ау", "Үш жүздің батырлары бас қосқан үй десеңізші. Жарайсыздар", "Керемет, демек көзі ашық, батырларды құрметтейтін адамдар тұрады екен" деп жазды желі қолданушылары.

Пікір жазғандардың бірі өзі осы үйде тұратынын айтқан. Ал батырлардың портретін кіреберіске Ринат есімді көршісі ілген.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!