Түркістан облысында шаруа сусыз жерде балық өсіріп отыр

Түркістан облысында шаруа сусыз жерде балық өсіріп отыр
Фото: Massaget

Созақ ауданы - Түркістан облысындағы шөлейтті аймақтардың бірі. Соған қарамастан теріскейде сусыз жерде балық өсіріп, кәсібін дөңгелетіп отырған шаруа бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Нұрахмет Қазақбаев 2015 жылдан бері осы іспен айналысып келеді. Кәсіпорын биыл 180 тонна өнім алған. Күзде тағы 500 мың шабақ жіберіп, қосымша 20 тонна алуды көздеп отыр.

"Бабата" су қоймасында дөңмаңдай, ақ амур және сазан балықтары бар. Мәселен, шабақтардың салмағы алғаш осында әкелгенде небәрі 40 грамм ғана болған. Аз уақытта 2 келіге жетіпті. Шаруа балықтарды күніне бес мезгіл қолдан азықтандырады. Балықтың қорегіне кеткен шығынның 30 пайызын мемлекет өтеп береді.

"Балықпен айналысу оңай шаруа емес. Бір жылда өнім ала алмайсың. Салған шабақ үш жылдан кейін ғана өнім береді. Сол уақытқа дейін қаражат салып, шабақтарды бағып үлкейту керек", - дейді Нұрахмет Қазақбаев.

Кәсіпкер балық шаруашылығы әлі де болса қолдау қажет екенін айтады. Өйткені шетелде өндірілетін жемнің бағасы тым қымбат. Ал өзімізде шығарылатыны құнарсыз екен.

"Былтыр облыс әкімі балық жемін шығаратын зауытымыздың жобасымен танысты. Жемі болмай, бұл саланы дамыту қиын. Жеңілдетілген несие беруге ұсыныс берілді. Несие берілсе, енді біз балықтың жемін шығаратын зауыт салмақпыз. Жемді өзіміз шығаратын болсақ, балықтан пайда мол болар еді", - дейді кәсіп иесі.

Тоғанда өскен балық әзірге тек ішкі базарларға сатылады. Келешекте кәсіпкер көксерке балығын да өсіруді қолға алып, балық өнімдерін қайта өңдеу зауытын іске қосуды жоспарлап отыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz