Жөнделуіне 719 млн теңге бөлінген нысан пайдалануға жарамсыз

Жөнделуіне 719 млн теңге бөлінген нысан пайдалануға жарамсыз
Фото: Автордан

Шығыс Қазақстан облысының Алтайский кентіндегі "Теплоэнергия" кәсіпорнының қызметкерлері соңғы уақытта жалақы уақытылы түспейді деп шағымданған. Кәсіпорынның техникалық базасы ескіріп, кәріз жүйелері де апатты жағдайда тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.


"Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігі ШҚО филиалының директоры, қоғам белсендісі Әділ Пшеновтің сөзінше, ондағы жұмысшыларға жалақыны екі ай кешіктіріп төлейді. Ведомствода есеп-қисабы уақытылы жүргізіліп тұрса да, медициналық және зейнетақы жарнасы жарты жылдан бері аударылмаған. Соның нәтижесінде жұмысшылар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында медициналық көмек те, несие де ала алмай жүрген көрінеді. 

"Отбасымызды асырау оңай болмай тұр. Тым құрығанда жалақы уақытылы түсіп тұрса ғой. Кейде арнайы киім де жетпей жатады. Ұсақ-түйек кем-кетіктердің соңы үлкен былыққа ұласпаса екен", - деді аты-жөнін өзгертуді сұраған Айдар Қинаятов.

Бұл ақпаратты Әділ Пшенов растап, жеке қорғаныс заттары мен киім мен аяқ киім беру қарастырылмағанын айтты. Қызметкерлер оның бәрін өз ақшаларына сатып алуға тиіс. Кенттегі тазарту құрылыстары осыдан 60 жыл бұрын қолданысқа берілген. Ол тек елдімекенге ғана емес, "Ертіс" кен орнына да ықпал етеді.

"Нысан 2012 жылдан бері апатты (2012 жылғы "Мемсараптама" РМК қорытындысымен расталады) деп танылған. Биосүзгі де апатты жағдайда, хлорлағыш жұмыс істемейді. Тұндырғыштардың бөлшектері коррозияға ұшырап, қалыпқа келтіруге жарамайды. Кәріз желілерінің кетеуі кеткен, жылыту пеші 2022 жылдың желтоқсан айынан бері істемейді. Қабырғалар қатты көгеріп, сыз тартпас үшін жұмысшылар бөлменің ішін өздері үйлерінен алып келген жылытқышпен жылытып отырады", – деді қоғам белсендісі.

2018 жылы Глубокое аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі "Алматы-Строй-Контракт" ЖШС-мен кенттегі тазарту құрылыстары мен кәріз жүйелерін ауыстыру бойынша келісімшартқа қол қойды. Мемлекеттік сатып алу сайтына көз жүгіртсек, келісімшарт сомасы шамамен 719 млн теңге. Сол ақшаға атқарылған жұмысты қарап шыққан республикалық қоғамдық бірлестік өкілдері меже толыққанды орындалмады деген қорытындыға келді. 

"Кәріз станциясының жаңа ғимараты бар. Бірақ жұмысшылардың айтуынша, іші жабдықталмаған. Жаңбыр суын тазалайтын құрылғы жоқ, айналасы қашаланбаған. Дизельді генератордың қозғалтқышы жоқ. Тозған кәріз жүйелері үшін кент тұрғындары өздері төлеп, құбырларда жарылыс болса зардап шегеді", – деді Әділ Пшенов.


Асыл Бигелді

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы