"Ұлыбританияның отар елі сияқтымыз". Түркістандық журналистер министрлікке жанайқайларын жеткізді

"Ұлыбританияның отар елі сияқтымыз". Түркістандық журналистер министрлікке жанайқайларын жеткізді
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Әлеуметтік желіде журналистер қазақ тіліндегі сөздерге ағылшын тіліндегі сөздер жиі қосақталып жүргеніне сын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Журналист Мариям Әбсаттар мектептердің көпшілігіне school сөзі тіркесіп жүргенін айтады. Оның сөзінше, мұндай жағдайлар жекеменшік мектептерде болып жатыр.

"Қазақ жері school "сасып" кетті. Ашылып жатқан жекеменшік мектептердің бәрі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, атауын ағылшынша қояды. Farabi school, Tulga school, тағы бірдеңе скул. Бұл өзі қазақ жері ме, жоқ ағылшын не америкалықтардың ерікті колониясы ма? Мектеп деген сөздің несі жаман? Әлде олай деп ашса, ата-аналар баласын бермей қоя ма? Айтыңыздаршы, сіздер атауына ағылшын араласпаса, балаңызды ол мектепке сеніп тапсыра алмас па едіңіз? Осы мәселені қолға алу керек! Біріздендіру керек. Жекеменшік мектеп ғимаратын салдым екен деп, қазақтың тілін менсінбей қалған ол қандай қожайын болды екен? Талап қою керек! Ал кім не дейді?" - деп жазған ол.


Бекжігіт Сердәлі де мәдени шаралардың атауына қатысты пікір білдірген.

"Мен де мәдени шара ұйымдастырушыларға "Атауына ағылшын араласпаса, іс-шара өткізе алмайсыздар ма" деп сауал тастағым келіп отыр. Думанымыз - FEST, сауығымыз - PARTY. Шынында, осы біз неге өзіміздің құнарлы тілімізде бағзы заманнан сіңісті болып қалған шұрайлы қолданысымыздан жерініп, әр сөзге өзге елдің тіркесін жамап, жаңа термин шығарып әуре болып жүрміз? Айналаңызға қараңыз? Дүкен де, қонақүй де, мейрамхана да жыланның айыр тілінде. Не ағылшынша емес, не қазақша емес. Латын негізді қазақ қарпінде жазылған шығар дейін десең, оған да ұқсамайды", - деп жазған ол.

Қазір теледидардағы бағдарламалардың атауында да ағылшынды тіліндегі сөздер көп.

"Қазақ тілді телебағдарлама атауларының "айыртілді" болып алғаны қай заман? "ҚызықTimes", "МазақTimes", "InstaЛайық", "ТойbestStar", "ТәлімTrend", "QosLike", "Қалауым-Live", "ТаңғыStudio", "Мәдениет&Біз", "TOPжарған", "ЖастарCity"... Бейне бір Ұлыбританияның отар елі сияқтымыз", - дейді Бекжігіт Сердәлі.

Сонымен қатар, ол "Turan Fest", "Almaty Urban Fest", "Kitap Fest", "Қауын fest", "Арбуз-фест", "Тәтті Фест", "Әзіл Фест", "Көрпе fest", "Көкмайса фест", "Бәйтерек фест", "Бауырсақ фест", "Атамекен фест", "Қымыз фест", "Юрта фест", "Көше фест", "Latyn Fest", "Наурыз Фест", "Халал фест", "Мейірім фест", "Бурабике фест", "Алтыбақан фест", "Актау Оупен Фест", "Қазақстан баян-фест", "Қарғалы фест", "Burabay Summer Fest", "Казан фест", "Yessenov Fest", "Үш нүкте Фест", "Әуен Fest", "Нұр-Сұлтан Этно Фест", "Парақ Times", "Домбыра Party", "Бауырсақ party", "Палау party", "Ою-өрнек Party", "Асық Party", "Шұбат Party", "Student's party", "Библио-Кеш-Party", "Atyrau Party", "The Qazaq Times", "Astana Times" секілді іс-шаралардың атауын тізіп шыққан.

"Жарымжан" тіркестермен атамасақ сценарийімізді бекітпей ме біреу сонда? "Домбыра Party"-ді "Домбыра думан" десек, "Наурыз Фест"-ті "Наурыз думан" десек, жағымыз қисайып қала ма, әлде? Әй, тым еліктегішпіз-ау, еліктегішпіз. Ертең ұл-қызымыздың аты-жөнін де ГүлФест, PartyБек деп өзгертіп жатсақ, таңғала қоймаспыз..." - дейді ол.

Әлеуметтік желі қолданушылары да қоғамдағы осы тенденцияға наразылық білдіріп, атауларды бірізге түсіру қажет екенін, сондай-ақ, министрліктер тарапынан бақылауды күшейту керегін жеткізген.

"Бұны естір құлақ, көрер көз табылар ма екен?", "Дұрыс айтасыз. Қолдаймыз!", "Өте орынды пікір айттыңыз. Дүбәраланып біттік. Мәдениет министріне жолдау керек, телеарналардан бастау керек", "Өте дұрыс мәселе қозғап отырсыз. Облыстағы немесе қала, аудандағы "Қазақ тiлi" қоғамының жұмысын жандандыру керек. Бүкiл көшелердi аралай отырып, шала қазақшаларды таза қазақшалау керек-ақ боп тұр", "Мемлекеттік мектептерге ат беру, өзгерту қиынның қиыны. Жекеменшік мектептерге бәрі оңай. Әкесінің, баласының есімін қойып, school-ды қосып, мектеп аша беретін болды. Ономастикалық ереже әлсіз болып тұр ғой", "Ағылшынша ат қою не сәнім осы? Тіл комитеті білім бөлімдерімен бірлесе отырып қолға алу керек", - деп жазған Желі қолданушылары да.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова