"Әбден білгенін істеп болды-ау..." Халық FlyArystan рейстеріне тіркелу ақылы болып кеткеніне наразы

"Әбден білгенін істеп болды-ау..." Халық FlyArystan рейстеріне тіркелу ақылы болып кеткеніне наразы
Фото: polet.me

Әлеуметтік желіде FlyArystan компаниясы рейстерге тіркеуді ақылы негізге ауыстыратыны туралы хабарлама тарады. Бұл Желі қолданушыларының наразылығын туғызған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Әуе компаниялары әбден білгенін істеп болды-ау..." - деп жазған Тұтқабай Фазылбек есімді Желі қолданушысы.

Өзге де әлеуметтік желідегілер әуе компаниялары бағасына сай қызмет ұсынбайтынын айтқан.

"Жолаушыларға көрсететін қызмет өте нашар. Кейбір самолеттарға мінген кезде мусор жиналмаған күйде мінетін кездер де болып жатады. Бағасына қарай сервисті де жақсартсын", "Соңғы кезде елде қожайын жоқ сияқты. Әркім білгенін істеп жатыр, бақылау жоқ есебінде. Бағаны барлық салада өсіріп жатыр. Қаңтар қырғынының алдында да осындай бағаны еш негізсіз өсіріп, арты трагедияға айналып еді" - деп жазған олар.

Компанияның ресми парақшасында бұл ақпарат 3 шілдеде жарияланған. Ал FlyArystan-ның ресми өкілі бұған дейін тек ел ішіндегі рейстерге тіркелу ақылы негізде болғанын айтады. Енді бұл халықаралық рейстерге де қатысты болып отыр.

"3 тамызда ұшып шығатын халықаралық рейстерге әуежайда тіркелу қызметі ақылы болады:

  • әуежайда тіркелу қызметін қосымшадан немесе сайттан алдын ала сатып алу - 5 000 теңге (10 евро)
  • әуежайда рейс алдында тіркеу бағанасынан тіркеуден өту - 10 000 теңге (20 евро)", - делінген компанияның баспасөз қызметі хабарламасында.

Ал компанияның ресми сайты немесе қосымшасы арқылы тіркелу тегін жүзеге асырылады.

"Бұл қызмет брондау кезінде автоматты түрде қосылады, сондықтан бұл қызметті сатып алғыңыз келмесе, "қызметтен бас тарту" батырмасын таңдауға болады. Халықаралық рейстерге онлайн тіркелу рейске 30 күн бұрын ашылып, 60 минут қалғанда жабылады. Халықаралық рейстерге онлайн тіркелу кезінде отырғызу талоны берілмейді, қауіпсіздік мақсатында қажет құжаттарды тексеріп, отырғызу талонын басып шығару үшін тіркеу бағанасына міндетті түрде келу қажет", - делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Астанада рейске кешіккен жолаушы FlyArystan қызметкеріне ауыр дене жарақатын салғаны хабарланған еді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова