Астанада рейске кешіккен жолаушы FlyArystan қызметкеріне ауыр дене жарақатын салған

Астанада рейске кешіккен жолаушы FlyArystan қызметкеріне ауыр дене жарақатын салған
Фото: FlyArystan баспасөз қызметі

Астанада ұшаққа кешіккен жолаушы FlyArystan қызметкерін балағаттап, кейін дене жарақатын салған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі әуекомпаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Компания мәліметінше, 23 шілдеде жолаушы Астана-Шымкент рейсіне кешігіп келген. Кейін рейске жіберуді талап еткен әйел FlyArystan қызметкерін балағаттап, соға бастаған.

"Оқиғаның мән-жайын анықтау барысында жолаушы рейске тіркелу аяқталғаннан кейін кешігіп келгені үшін отырғызылмағаны мәлім болды. Ашуға булыққан жолаушы тіркеу үстеліндегі ауыр заттарды тіркеу бағанасының арғы жағында тұрған қызметкерлерге лақтыра бастап, балағат сөздер айтып, әуекомпания өкілдерінің біріне ауыр дене жарақатын салған", - делінген компания хабарламасында.

Сондай-ақ, компания өкілдері әуежайда тәртіп бұзған адам заңды түрде жазаланатынын айтты.

"Әуекомпания өкілдері бірінші кезекте тұлға ретінде адамға құрметпен қарайтын қарым-қатынаста жұмыс істеуге құқылы. Олардың денсаулығына зиян келтірілмеуі тиісті. Сондықтан жолаушылардан тәртіпті бұзбай, сыйластық танытуды сұраймыз. Сонымен қатар, 170 жолаушы кешігіп келген бір адамды күте алмайтынын ескерген жөн. Бұл жағдайға қатысты жолаушы заңды түрде жауапкершілікке тартылады және де әуекомпания қызметтерін пайдалана алмайды деген сенімдеміз", - деді FlyArystan басқарушы директоры Эдриан Хамильтон-Маннс.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова