"Әкімдікпен келісілген". Алматыда тағы бүтін брусчаткалар бұзылды

Панфилов көшесіндегі жап жаңа тас төсемдерді Алмалы ауданы әкімдігі алып тастап, жаңалап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Панфилов көшесіндегі төсеніштердің барлығын бірдей ауыстыруға негіз жоқтығы анық байқалады. Бірлі-жарым зақымданғаны болмаса төсеніштің басым бөлігі қаз-қалпында сақталған. Алайда Алмалы әкімдігі осы тас төсемдерді жаңалауды жөн көрген. 

Бұл бізге әкімдік ұсынған суреттер. Осы көрініс тас төсемдерін ауыстыруға негіз болыпты. Бірлі жарым тас төсемінің мүжілуі тұтас аумақты ауыстыруға неіз болған секілді. Қазірдің өзінде құрылыс жұмыстарын аяқтап, су жаңа тас төсенішті төсеп үлгеріпті. Айырмашылықты байқау өте қиын. Себебі, ауыстырылған тастардың пішіні де өзгермепті.  

Құрылысқа жауапты "BCS CONSTRUCTION" ЖШС-нің өкілдері әкімдіктің тапсырмасымен аталған аумаққа жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын жеткізді. 

"Машина жүретін жерлердің ғана тас төсемдерін жаңалап жатырмыз. Себебі ол жердегі төсенішер көліктердің ауыр салмағынан жарамсыз болып қалған. Бізде әкімдікпен келісілген барлық құжаттамалар бар", - дейді өндірістік техникалық бөлімінің инженері Екатерина Баянова. 

Ал компания өкілдері жарамды тас төсемдерді өзге аумақтарға апарып орналастыру тәжірибеде бар дүние дейді. 

Ал Алмалы ауданы әкімдігінің өкілдері аталған аумақтағы тас төсемдер "2017 жылдан бері жөндеу көрмеді" деп отыр. Панфилов бойындағы үйлердің барлық тұрғындарына аталған жұмыстар жөнінде ескертілгенін жеткізді. 

"Панфилов көшесі бойынша жүріс бөлігінде тек автомобильдер үшін төсеніштер жөнделуде. Көптеген учаскелерде төсеніштер бүлінген, 2017 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Қабанбай батырдан Бөгенбай батырға дейінгі жол бөлігі ауыстырылады, қалған бөлігінде Бөгенбай батырдан Арбатқа дейін шұңқырды жөндеу жүргізіледі. Бұл жағдайда бүлінбеген төсеніштер Панфиловтың басқа учаскелерінде қолданылады. Біз жаяу жүргіншілер аймағына қол тигізбейміз, өйткені төсеніштер жақсы жағдайда. Алынған барлық төсеніштер актілер бойынша қабылданады, ештеңе есептен шығарылмайды", - дейді Алмалы ауданы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Төлеген Әкімхан Әзімханұлы

Сонда бұлар қаланың жаңа аудандарындағы тұрғындарға жағдай жасауды ойламаай, тек көзге түсетін қаланың санаулы ортаңғы көшесін жөндеп отыра бере ме? Олай болса қала қалай түрленбек?! Айта кетейік, біз бұған дейін Алматыда ағаштарды тамырымен қосып алып тастағаны жайлы жазған едік. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!