Қаңтарда ұсталған ер адамды азаптап өлтірген полиция капитаны сотталды

Семейдің №2 сотында полиция капитанына қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол азаптау және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін айыпталған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Аbainews.kz-ке сілтеме жасап. 

2022 жылғы 11 қаңтарда сағат 01:00 шамасында комендант сағатты бұзғаны үшін 1995 жылы туған  ер адам ұсталған. Полиция қызметкері А. күдіктіні полиция бөліміне әкелгеннен кейін оны азаптаған, нәтижесінде ер адам көз жұмған. 

"Қызметкердің кінәсі сол күні құқық қорғау органдарының қызметкерлері жағынан азап қолданылған куәгердің көрсетулерімен расталды. Сотталушының кінәсі бейнебақылау камераларының жазбаларымен, сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен және сот қарастырған басқа да дәлелдемелермен расталады", - делінген сот хабарламасында.

Сотталушы өз кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады.

Алайда прокурор 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, 3 жыл мерзімге мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды талап етті. Сондай-ақ, "полиция капитаны" шенінен айыруды және одан 10 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өтеуді талап етті.

Нәтижесінде сот экс-полицейді кінәлі деп танып, прокурордың өтінішін ішінара қанағаттандырып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. 

Экс-қызметкерінің асырауында балалары бары жеңілдететін мән-жай ретінде деп танылып, ал төтенше жағдайда қылмыс жасағаны және антын бұзғаны ауырлататын мән-жай деп танылды. 

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!