Талдықорғанда судья көлікті мас күйде басқарған: облыстық сот пікір білдірді

Талдықорғанда судья көлікті мас күйде басқарған: облыстық сот пікір білдірді
Фото: Көрнекі сурет. Тұрар Қазанғапов

Қазақстандық адвокат Бауыржан Бибатыров Талдықорған қалалық сотының судьясы мас күйде көлік жүргізгені үшін ұсталғаны туралы ақпаратты жариялады. Жетісу облыстық сотының баспасөз қызметі өкілдері бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол Жоғарғы Сотқа, Ішкі істер министрлігіне және Антикорға шағым түсіргенін, алайда тек қызметтік тексеріске қол жеткізгенін айтты.

"Мемлекет тарапынан ешқандай реакция жоғын көріп отырмыз. Менің шағымым жоққа шығарылмады, бірақ расталмады. Енді тексеру нәтижесін күту ғана қалды", - деді ол.

Kozachkov offside Telegram-арнасында судьяның медициналық сараптамасының құжаты пайда болды. Онда ер адамның орташа дәрежедегі мас күйде болғаны анық көрсетілген. 

"Құжатта 50 жастағы ер адамның (полиция көлігін - болжам бойынша) мас күйде басқарғаны көрсетілген. Жүргізуші наркологқа жіберілген, ол ер адамның орташа алкогольді мас күйде болғанын анықтады. Әдетте, бұл жағдайда жүргізуші жеті жылға куәлігінен айырылып, 15 тәулікке қамауға алынады", - делінген жазбада. 

Жетісу облыстық сотының баспасөз қызметі өкілдері Massaget.kz тілшісіне бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді. 

"Қазір арнайы құрылған комиссия оқиғаның барлық материалын ішкі істер органдарынан талап етіп, бұл ақпаратты ішкі тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тексеру нәтижелері кейінірек жарияланады", - делінген жауапта. 

Айта кетейік, Абдилла Умбетай Муваракұлы 1973 жылы 15 шілдеде Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Кеңес ауылында дүниеге келген.

Ол 1999 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің "Құқықтану" бөлімін бітірген.

Еңбек жолын 1990 жылы Алматыда Октябрь халық сотында экспедитор қызметінен бастаған. 1994-2004 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Әскерлері әскери сотында жетекші, бас маман болып жұмыс істеген.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы Жарлығымен Алматы облысы Ақсу аудандық сотының судьясы болып тағайындалды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы Жарлығымен Алматы облысы Кербұлақ ауданының №2 аудандық сотының төрағасы қызметіне тағайындалды.

Үйленген, 3 баланың әкесі.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек