"Самұрық-Қазынаға" еншілес ұйымның басшылығы тапқан пайдадан екі есе көп сыйақы алған

"Самұрық-Қазына" АҚ "Самұрық-Қазына Бизнес Сервис" еншілес ұйымының басшысы Александр Личаченконың жалақысы мен сыйақысы туралы ақпаратқа түсініктеме берді. Бұған дейін БАҚ-та акционерлер оның былтырғы жалақысы мен сыйақысын 74 миллион теңге етіп бекітіп бергенін, ал серіктестіктің таза табысы 38,5 миллион теңге болғанын хабарлаған еді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Қордың жауабында "Самұрық-Қазына Бизнес Сервис" ЖШС "Самұрық-Қазына" қоры тобына бизнес-процестерді аутсорсингпен қамтамасыз ету қызметін ұсынатын сервистік компания екені айтылған. 

"ЖШС алдында аутсорсингтік қызметтерді көрсетіп, жоғары пайда табу міндеті тұрған жоқ. Оның негізгі мақсаты компаниялардың жалпы шығындарын азайту болып есептеледі. Таза пайда компанияның негізгі міндетін сәтті атқарып жатқанын және шығынның жоқ екенін көрсетеді", - делінген жауапта.

Қордың мәліметінше, еншілес ұйым басшылығына берілген сыйақы көлемі (еңбекақыны, материалдық көмекті, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін резервті, бір жылдағы жұмыс қорытындысы бойынша сыйлықақыларды және сыйақыны қоса алғанда) былтыр 74,9 миллион теңге болған.

"2022 жылы ЖШС басқару тобына бас директор және оның екі орынбасары кіргенін атап өткен жөн. Кейіннен орынбасарлардың екі штаттық бірлігі оңтайландырылды, осыған байланысты 2022 жылдың соңында ЖШС басшылық құрамы бір позициядан тұрды. Сонымен қатар оңтайландырылған екі штаттық бірліктің еңбегіне ақы төлеу халықаралық қаржылық есептілік стандарттарының талаптарына сәйкес есепті кезеңде де көрсетіледі", - деп атап өтті "Самұрық-Қазына" АҚ.

Қор былтыр ЖШС бірінші басшысы ауысқанын айтты. Айта кетейік, ЖШС сайтында жоғарыда аталған Александр Личаченко тұр.

Александр Личаченко/www.skbs.kz

Қордың мәліметінше, АҚ тобының 2022 жылғы жалпы таза пайдасы 2,3 триллион теңге болған. Әлеуметтік салық пен жарналарды қосқанда жалақы төлеуге 1,6 триллион теңге кеткен, оның 6,6 миллиардын басқарушылар сыйақы түрінде алған – бұл қордың директорлар кеңесі мен басқарма мүшелері.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!