Түгі қалмаған. Оңтүстіктен көшіп баратындарға арналған Солтүстік Қазақстандағы үйлер тұрғындарды үрейлендірді

Түгі қалмаған. Оңтүстіктен көшіп баратындарға арналған Солтүстік Қазақстандағы үйлер тұрғындарды үрейлендірді

Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданы Сарытомар ауылында қоныс аударушыларға арналған үйлердің қабырғалары бөлшектеліп, түгі қалмаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Петропавловск.news басылымына сілтеме жасап.

Ауыл тұрғындары үйлердің мұндай жағдайына наразылық білдірген.

"Үйлер салына бастағанда, ауыл қайта жанданғанына, адамдар келетініне қуандық. Бірақ, өкінішке қарай. Бұл - біздің ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың Отаны. Аудан, облыс прокуратурасынан осы мәселені көтеріп, неге бұлай жасалғанын және үйлер соңына дейін тұрғызылмағанын түсіндіруді сұраймын!" - делінген жергілікті тұрғын түсірген видеода.

Мағжан Жұмабаев ауданы әкімдігі мәліметінше, тұрғын үй жеке ақшаға салынған. Ал ауылға жаңа тұрғындарды көшіруге арналған "Еңбек" бағдарламасы енді жұмыс істемейді.

"Құрметті Сарытомар ауылының тұрғындары! "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы 2019 жылы басталып, 2021 жылы аяқталды. Сарытомар ауылына қоныс аударушыларға арналған үйлерді осы бағдарлама бойынша 2021 жылы жеке кәсіпкер салған. Бұл бағдарлама бойынша қаржыландыру тоқтатылуына байланысты құрылыс аяқталды, іргетасты қоспағанда, барлық құрылыс материалын кәсіпкердің өзі әкеткен. Мемлекет бұл үйлерді салуға және сатып алуға ақша бөлген жоқ", - деп түсіндірді әкімдік өкілі.

Бұл қоныс аударушыларға арналған үйлерге қатысты алғашқы даулы оқиға емес. Жиырма жыл бұрын қандастарды көшіру жөніндегі алғашқы жаппай науқан кезінде де ауылдың орталығында және оның батыс шетінде, Мағжан Жұмабаевтың мектебі мен мұражай-үйінің артында үйлер салына бастаған. Енді олардың да іргетастары қалды.

Басылым мәліметінше, қоныс аударушыларға арналған үй салу - жақсы бизнес жоба.

"Жеке кәсіпкерлер бірнеше үй салып, содан кейін оларды мемлекетке сатады. Мұндай үйлерге бюджеттен ауданға байланысты 10-нан 15 миллион теңгеге дейін бөлінеді. Әрине, кәсіпкердің міндеті - оған мүмкіндігінше көп ақша табу, сондықтан олар үйлерді тез салады, ал материалдар сапасыз", - делінген басылым мәліметінде.

Мағжан Жұмабаев ауданы Советское ауылындағы қоныс аударушыларға арналған үй. Салынғанына 10 жыл өткен соң. © pkzsk.info

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова