Танымал әртіс Жүрсін Ерманның жағдайы туралы айтып, суретін жариялады

Танымал әртіс Жүрсін Ерманның жағдайы туралы айтып, суретін жариялады

Танымал әртіс Олжас Сыдықбек ақын Жүрсін Ерманның қазіргі жағдайы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзінше, Жүрсін Ерман әлі де емін жалғастырып жатыр. Айта кетейік, былтыр танымал айтыскер ақын Жүрсін Ерман жансақтау бөліміне түскен еді. Мамандардың сөзінше, ақынның ауруы асқынып, сепсиске айналған екен. Кейін өнер иесі Швейцарияға емделуге кетті. 

"Жүрсін ағаға сәлем бере үйіне келдім. Хал сұрасып, жағдай білісіп, екі-үш сағат отырып әңгімелестік. Бақытжамал апай дастарқан жайды. Қызыл күрең шәй үстінде отырып біраз өткен-кеткенді еске алдық. Ағаның "деген екендерін" айттық. Өзінің есінде қалмаған, ұмытып қалған әңгімелерін де айтып, еске түсірдік. Риза боп, көңілі жадырап қалды. Жүрсін аға қазір емін жалғастырып жатыр. Аптасына үш рет 4 сағаттан ауруханада жатып, процедураларын қабылдайды екен. Алла шипасын берсін! Тезірек сауығып кетуін тілейміз!" - дейді Олжас Сыдықбек.

Жүрсін Ерман - ақын, журналист, қазіргі айтыс өнерінің ұйымдастырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Оның "Жанартау", "Арайлы күн, армысың!", "Ұлытауға бардың ба...", "Құдіретке жүгіну", "Екі тізгін, бір шылбыр", "Құстың көлеңкесі", "Ырғай", "Арнадым сізге", "Көктөбедегі кездесулер", "Алыстан және жақыннан", "Гөй-гөй" атты кітаптары бар.

Еске салайық, бұған дейін танымал ақын Жүрсін Ерман жансақтау бөліміне түскені хабарланған болатын. Ал кейін дәрігерлер Жүрсін Ерманның денсаулығына қатысты пікір білдірген еді. 

Кейінірек шетелде ем алып жатқан Жүрсін Ерман Алматыдағы айтыстардың бірінде көзге түсті.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова