Елес ауыл: Қазақстанның шығысындағы елді мекеннің қазіргі жағдайы қандай?

Елес ауыл: Қазақстанның шығысындағы елді мекеннің қазіргі жағдайы қандай?
Фото: Тұрар Қазанғапов

Бос тұрған көпқабатты үйлер мен сауда орындары, ойық жолдар, ал азық-түлік бағасы қаладан екі-үш есе жоғары. Бір кездері аттас ауданның орталығы болған Марқакөл ауылының бүгінгі келбеті осындай. Tengrinews.kz журналисі елді мекенге барып, ауылдың жағдайымен танысқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президент жақында аймақты қалпына келтіру туралы мәлімдеген еді. Содан кейін әкімдік өкілдері ауылдағы өмір сапасын шамамен 30 жыл бұрынғыдай деңгейге жеткізуге, бірнеше есе жақсартуға уәде берген.

Марқакөл ауылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында орналасқан. Өскеменнен 400 шақырым жерде немесе көлікпен 6 сағаттық жол.

Ауылға кіреберістегі Қытаймен арадағы қоршау қарапайым көрінеді. Жолдың кейбір бөліктерінде ұялы байланыс тіпті роумингке ауысып кетеді.

30 жылдан аса уақыт бұрын Марқакөл аттас ауданның орталығы болған. Алайда 1997 жылы аудан Күршім ауданына қосылды. КСРО ыдырағаннан кейін ауылдың өмірі күреңдене түскен.

Қазір мұнда 2491 адам тұрады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Марқакөлде ересек тұрғындар басым. Жастар жұмыс пен перспектива болмауына байланысты аудан орталығына немесе қалаға кетеді.

Көшелердің бірінде журналиске ойланып отырған Аркадий есімді жергілікті тұрғын ұшырасқан, ол 61 жаста. Ер адам - осы ауылдың байырғы тұрғыны.

Аркадий қаңырап қалған көшелер мен қараусыз қалған үйлерге қарап, бір кездері мұнда өмір қайнап жатқанын айтады.

"Адамдар бұл жерден кетіп қалады, жұмыс жоқ, тамақ қымбат. Нан - 200-220 теңге. Әркім мүмкіндігінше өмір сүріп жатыр. Көбі мал ұстайды", - дейді Аркадий.

Аудан әкімдігі мәліметінше, 2022 жылдың басынан бастап бүгінгі күнге дейін (26 шілде) 126 адам кеткен.

Қазір басты көшелердегі сауда орындары қаңырап тұр. 

Аудан әкімдігі мәліметінше, Марқакөл ауылында 15 азық-түлік және 21 мамандандырылған дүкен, 2 дәріхана, 4 шаштараз, киім тігетін 3 дүңгіршек және аяқкиім жөндейтін 1 дүңгіршек, ТҚС, ЖҚС, кафе және қонақүйлер жұмыс істейді.

Ал кафелердің бірінде сусындардың бағасы Астанаға қарағанда бірнеше есе жоғары.

Марқакөлде екі мектеп бар, оларда жалпы саны 547 бала оқиды. Балабақшада 95 бала тәрбиеленеді.

Марқакөлдегі жаңа ғимараттардан мешітті байқауға болады.

Сондай-ақ, Мәдениет үйі де жаңа.

Ауыл тұрғыны Серікбай Жұртбаев ауылдағы басқа мәселелерді де көтерген. Мысалы, кейбір көшелердегі жолдардың жағдайы нашар.

"Өте өкінішті. Мұнда қанша жыл тұрдым, олар (әкімдер және ауылды абаттандыруға жауапты адамдар - еск.) ауылды құртты. Қандай жағдайға жеткізді, көріп отырсыздар. Жағдайды аудан атын қалпына келтіру арқылы емес, Марқакөлдегі жағдайға бейжай қарамайтын жақсы әкім арқылы өзгертуге болады. Мұның бәрі әкімге және оның қалай жұмыс істейтініне байланысты", - дейді ер адам.

Аудан әкімдігі мәліметінше, биыл жалпы ұзындығы 1,8 шақырым болатын Лесная, Журба және А.Асқаров атындағы бірнеше көшеге асфальт төселеді.

Марқакөлде жұмыс та көп емес. Тек ауруханада, мектепте, ұлттық саябақта және мәдениет үйінде.

Ауылда жартылай немесе толығымен қараусыз қалған көпқабатты үй көп.

"Қазір Марқакөл ауылында 12 көпқабатты үй бар. Олардың 4-і бос. 2022 жылы осы үйлерге зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде олардың одан әрі тұруға жарамды екені анықталды, бірақ күрделі жөндеу қажет", - деді Күршім ауданының әкімдігі өкілі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова