Ғалымдар Сібірде 46 мың жыл бойы қатып жатқан "тіршілік иесін" тірілтті

Ғалымдар Сібірде 46 мың жыл бойы қатып жатқан "тіршілік иесін" тірілтті
Фото: © elements.envato.com

Халықаралық ғалымдар тобы шамамен 46 мың жыл бойы Сібірдің мәңгілік аязында қатып жатқан ежелгі нематод құртын тірілтіп алды. Бұл туралы PLOS Genetics журналында жарияланған зерттеуде айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengri life-қа сілтеме жасап. 

Дөңгелек құрт осыдан бірнеше жыл бұрын "Колыма" өзенінің төменгі ағысында 40 метр тереңдіктегі шұңқырдан табылған болатын. Алдын ала болжам бойынша ғалымдар құрт шамамен "32 мың жыл бойы мұзда жатқан" деп есептеді. Алайда, нематодтың жанындағы өсімдіктерді зерттеу кезінде мұз басудың бастапқы кезеңі шамамен 47 769 - 45 839 жылдар бұрын болғанын көрсетті. 

Ғалымдардың сөзінше олар тіршілік иесін сумен және органикалық заттармен қайта тірілткен. Нәтижесінде құрт тіріліп, бір айдан аса уақыт тіршілік еткен. Бұл құрттардың ерекшелігі сол олар партеногенетикалық жолмен, яғни бисексуалдық көбеюсіз көбейе алады. Олардың осы қаситінің арқасында нематод құрты ұрпақтарын тастап үлгерген. 

"Бұл кішкентай құрт Гиннестің рекордын алу үшін кезекке тұруы мүмкін. Өйткені ол кез келген адам ойлағаннан әлдеқайда ұзақ уақыт қатып тұрған күйі тіршілік етті", - Теймураз Курцчалия Sky News-ке берген сұхбатында.

Ғалымдардың пікірінше мұндай тіршілік иелерін тауып зерттеу эволюция процесін түсіну үшін өте маңызды. Өйткені тірі организмдердің ұзақ уақыт өмір сүруі жойылып кеткен түрлердің қайта жандануына ықпал етуі мүмкін.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов