30 жастағы ақтөбеліктен 22 орама есірткі табылды

Ақтөбе облысының 30 жастағы тұрғынынан 22 орама есірткі табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.  

Сараптама нәтижелері бойынша алынған зат жалпы салмағы 16,40 грамм болатын "пирролидиновалерофенон (а-PVP)" екені анықталады. Ер адам бұл орамаларды Telegram арқылы интернет-дүкеннен сатып алғанын айтқан.

Сондай-ақ, ұсталған адамның тұрғылықты жері бойынша жүргізілген тінту барысында полиэтилен пакетке оралған, ішінде ұнтақ заты бар 9 орама тәркіленді.

Сараптама қорытындысына сәйкес, орамалардағы зат жалпы салмағы 7,55 грамм болатын "мефедрон" екені анықталды.

Осы дерек бойынша ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі "Өткізу мақсатында есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Ұсталған адам уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Осы баптың санкциясы үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!