Жамбыл облысында аузымен сурет салатын ару тұрады

Жамбыл облысында аузымен сурет салатын ару тұрады
Фото: Хабар 24

Жамбыл облысында екі қолы еңбекке жарамсыз болса да, аузымен сурет салатын қыз бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

Сал ауруына шалдыққан Аяжан Жуатайдың шығармалары кәсіби суретшілерден кем емес. 

Қаратау қаласында тұратын 26 жастағы Аяжан сәби кезінен сал ауруына шалдыққан. Дегенмен қос қолының икемге келмегені шығармашылықпен айналысуына кедергі болмады. Дарын иесі дертіне дауа іздей жүріп, аузымен сурет салуды 13 жасында үйреніп алыпты.  

"Суретпен кейде алданасың да, бір басқа әлемге кірген сияқты болып. Сол осымен жұбанасың, қолдаушым ғой сурет. Арманым сол, жұмыс істегім келеді негізі ел қатарлы сол", - дейді жас суретші Аяжан Жуатай. 

Аяжан сурет салудан бөлек, қолөнермен айналысып, өлең оқығанды ұнатады. Өнерлі қыз негізінен портреттік жанрға ден қояды. Мультфильм кейіпкерлерінің сұлбасын салып, табиғатты да бейнелейді. Қылқалам шеберінің шығармаларына сұраныс көп. Кейде арнайы тапсырыс та түсетінін айтады. Жас суретшінің өнерін кәсіби суретшілер де жоғары бағалайды.  

"Өте жоғары кәдімгі кәсіби суретшінің салған суретінен кем емес. Арнайы білімі болмаса да, осы оқып жатқан балалардың деңгейімен бірдей деп айтуға болады", - дейді Қаратау қалалық балалар өнер мектебінің мұғалімі Рахат Нұрбек. 

Аяжан қалалық деңгейде бірнеше рет көрме өткізді. Ендігі арманы - ел аралап, ауқымды өз шығармаларының галереясын жасау.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина