Педофилді қалай анықтауға болады? Психолог кеңесі

Психолог Шоқан Үсенов TikTok-парақшасында педофилдерді қалай анықтауға болатынын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Оның айтуынша, айналаңыздағы кез келген адам педофил болуы мүмкін. 

"Педофил кім болуы мүмкін деген сұраққа жауап іздегенде, ешкімді ойдан алып тастауға болмайды. Ол тіпті үйдегі адам болуы мүмкін, көрші немесе мектептегі мұғалім, бапкер, жаттықтырушы, күтуші де болуы мүмкін. Екіншіден, баламен кім жақын сөйлеседі, қай мұғалім балаға жақын екенін ескеру керек.  Үшіншіден, балаға кім тым көп көңіл бөледі, жақынырақ болуға тырысады, соның ішінде денесін ұстап, тактильді байланыстар орнатқысы келеді және төс, бел, құйрықты ұстағысы келетіндерді назарда ұстау керек. Іштей өзіңіз қай адамнан күдіктенесіз, сол адамды назардан таса қылмаңыз. Егер біреуден нақты белгілерді байқасаңыз, жақындарыңызға бірден айтыңыз", - деді Шоқан Үсенов. 

Психолог жыныстық зорлыққа бейім адамдарды сипаттады. 

"Қандай адам педофил болуы мүмкін? Өмірінде өте үлкен, эмоционал және психикалық күйзелістерді бастан өткерген адам. Қатты қиналған, зорлану сияқты қиын сәтті басынан кешірген, табиғи апаттардан аман қалса, соғыстан контузияға ұшыраса немесе психикалық ауытқулар болуы мүмкін деген және психикалық диагноз қойылған адамдар педофил болуы мүмкін тізіміне ілінуі керек. Олармен қарым-қатынасты үзу керек", - дейді ол.

Психологтың айтуынша, бала ата-анасына шынайы сену керек, егер ата-ана баламен сөйлеспесе, дұрыс байланыс орнатпаса, ұрысып, жекісе, бала өзін жәбірленуші ретінде қабылдайды. Оған қоса, отбасының материалдық жағы да әсер етеді, сондықтан, балаға өмірде көрген қымбат телефон, көлік сияқты дүниелер емес, махабаттың, достықтың маңыздылығын түсіндіріп, құндылықтарды қалыптастыру керек.

Қазақстан психоаналитика ассоциациясының жетекшісі әрі Психоанализ институтының директоры Анна Құдиярова педофилге мынадай анықтама береді: "Педофил - іштей бала болып қалған адам. Сондықтан оның сексуалдық таңдауы балаларға тартып тұрады. Алайда педофил дегеніміз құрбанымен жыныстық қатынасқа түсетін зорлықшы педофил емес. Мысалы, біреулері маманға келіп, ауытқулары барын ашық айтады. Мұндай адамға көмектесуге болады".

Маманның айтуынша, дәстүрлі ойдағы адам қоғамда мұндай құбылыс аз деп есептейді, алайда бұл қылмыс біз ойлағаннан да көп. Ол өзіне көмекке келетіндердің көбі қазақтар екенін де айтып отыр.

"Көбі қазақ ауылында туып-өскен. Жақында маған бір қыз келіп, өз ағаларының зорлық құрбаны болғанын баяндады. Бала кезінде оны ағалары сникерс пен балмұздақ әкеп беріп, зорлайтын болған екен. Сонда ағалары қызға "Кейін үйленгенде күн сайын осы іспен айналысатын боласың, сондықтан үйренуің керек" дейді екен. Тағы бір отбасыда әкесі балаларын зорлайды екен. Балалары осыдан барлық үйде әкелері балаларын зорлайды деп ойлап өскен", - деп сұмдықтың бетін ашты Анна Құдиярова.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!