Перзентхана сусыз отыр: мекеме басшысы және аудан әкімі пікір білдірді

Перзентхана сусыз отыр: мекеме басшысы және аудан әкімі пікір білдірді
Фото: Жақсылық Зинешов

Алматыда Медеу ауданы тұрғындары 5 күннен бері ауызсусыз отыр. Мұндай жағдай сел салдарынан болған, лай судан құбырлар мен сүзгілер бітеліп қалған. Ал оларды ауыстыру көп уақытты талап етеді. Ауызсудың болмауы "Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығына" да кесірін тигізіп отыр. Бұл мәселеге қатысты орталық басшысы мен аудан әкімі пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ғылыми орталық басшысы Гүлфайруз Оразбаева мекеменің 5 күннен бері ауызсудан ажыратылғанын растады. Оның айтуынша, бүгін орталыққа арнайы резервуар орнатылған. 

"Шын мәнінде, 22 шілдеден бастап "Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында" сел салдарынан су беру тоқтатылған. Қалалық инфрақұрылымға жауаптылардың мәліметінше, су лай болғандықтан, құбырлар мен сүзгілер бітелген. Сондықтан олар суды бере алмай отыр. Алайда су тұрақты түрде таңертең және кешке су таситын көлікпен жеткізіледі. Бүгінгі таңда пациенттер мен қызметкерлердің қолданысы үшін 1 мың литр суға резервуар орнатылған. Сорғы станциясының резервуарын орнату мәселесі шешіліп жатыр. Осы резервуардан суық су жасанды түрде орталық су жүйесіне берілетін болады. Осылайша, жасанды резервуардан су орталықтың барлық құрлымдық бөлімшесіне беріледі. Әкімдік бұл мәселені қатаң бақылауда ұстап отыр", - деді ол. 

Гүлфайруз Оразбаеваның айтуынша, ауызсудың болмайтыны туралы алдын ала ескертілді, бірақ қашанға дейін болмайтыны туралы ақпарат берілмеген. 

Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин Достық даңғылындағы "Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында" ауызсудың болмауына қатысты пікір білдірді.

"Әлеуметтік нысандар әкімдіктің ерекше бақылауында. Ең алдымен, су медициналық және басқа да әлеуметтік нысандарға жеткізілді. Осы жағдай пайда болған сәттен бастап, күн сайын акушерлік және гинекология ғылыми орталығына су тасымалдаушылар жіберілді. Су таситын көліктің сыйымдылығы - 10 текше метр, ал орталық күніне шамамен 2 текше метр су жұмсайды. Яғни, талап етілгеннен көп су берілді. Сонымен қатар, біз жағдайдан шығудың техникалық шешімін іздедік. Шешім табылды, орталыққа қазір 2 су ыдысы (әрқайсысы 5 текше) және сорғы орнатылды. Бүгін кешке ғимаратқа су өткізуді жоспарлап отырмыз", - деді әкім. 

"Аяғы ауыр әйелдер су іздеп, көшеге дейін шығып кетті". Алматыда перзентхана да бір аптадан аса сусыз отыр

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек