Кейде футбол адамға үміт береді: ауыл жігітін серпілткен оқиға

Майтөбе ауылынан шыққан 22 жастағы жігіттің үлкен футболдың жұлдызы болсам деген арманының тас-талқаны шықты: ол құрамында ойнап жүрген клуб жұмысын тоқтатты. Арада бір жыл өткенде, Еркебұлан Тұрсынбай 16 мың адамның арасындағы іріктеуден өтіп, кейін Super Bol футбол командасының капитаны және көшбасшысы болды.

Алда маусымның Еуропаның үлкен клубтарының сауттары мен әлемдік футболдың жарық жұлдыздары қатысатын реалити-шоу түріндегі финалдық матч тұр. Еркебұланға берілетін 90 минут оның алдағы тағдырын айқындамақ. Яғни осы уақыт шегінде ол жоғары кәсіби деңгейде ойнау қабілетін және үздік клубтардың, мүмкін тіпті ұлттық құраманың намысын қорғауға дайын екендігін дәлелдеуі тиіс. Толығырақ Tengri Sport-тың материалынан оқисыздар.

Оның футболдағы алғашқы қадамы 17 жасында басталған. Бұған дейін ол өзі туып-өскен Жамбыл облысының Майтөбе ауылының шаңы бұрқыраған алаңқайларында доп қуып, уақыт оздырып, шапата тоздырып жүрген.

"Таразға" өзім келдім, ешқандай скаут болмады. Жаттығып жүргендерге қарадым да, өзімнің де ойнағым келіп кетті. Футбол - менің өмірім. Бұған дейін еш жерде жаттыққан емеспін, сондықтан алғашқы бапкерім Фархат Мирсалимбаевтан көп нәрсені үйрендім.

Сондай-ақ, менің футболшы ретінде қалыптасуыма досым Абылай Махметәлінің ықпалы зор болды. Ол мені таңғы 6-да жаттығуға оятатын, түсте тағы бір мәрте жаттығамыз, ал кешке командамызбен ойнаймыз. Кәсіби маман болу үшін, темірдей тәртіп қажет. Еңбек пен төзімділік қана шыңға шығарады", - деді Еркебұлан Tengri Sport тілшісімен әңгімесінде.

2020 жылы Еркебұлан тұңғыш рет "Тараздың" қосалқы құрамында Екінші лигада ойнаса, былтыр "Игіліктің" құрамында бірінші лигада 18 ойын өткізді.  

"Мені алғаш жастарға қосқандағы көңіл күйімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Екінші және үшінші дивизионда қиындау болды, бірақ маған командадағы тәжірибелі ойыншылар мен достарым үлкен қолдау көрсетті.

Бірінші лиганың Премьер-лигадан тек 20-30 пайызға ғана қалып келе жатқанын нақты өз тәжірибемнен айта аламын. Онда Қазақстанның жоғары футбол лигасында ойнаған тәжірибелі футболшылар көп. Бірінші лиганың барлық командалары еліміздің басты турнирі - Қазақстанның Премьер-лигасында ойнауды армандайды және сол үшін алаңдағы ойында бар күшін салады. Біздің "Игілік" те сөйтті...", - деп ықыластана әңгімеледі бозбала.

2022 жылдың маусымынан кейін "Игілік" футбол клубы жабылып қалды. Бұл Еркебұлан үшін үлкен соққы болды. Бір жылдан кейін Super Bol реалити-шоуы ең жоғары деңгейде ойнасам деп армандаған жігітке тағы бір үміт сыйлады.

"Super Bol туралы тек былтыр ғана естідім. Жобаның көптеген финалистері кәсіби келісімшартқа қол жеткізген, сондықтан мен де бағымды сынап көргім келді. Финалдық кезеңге өту аса қиынға соқпады, бірақ бойымды бір түсініксіз сезім биледі. Өз күшіме сеніп тұрсам да, қатысушылар санының көптігінен қорықтым. Қанша дегенмен, 16 адамның арасынан топ жарып шығу оңай емес қой.

Мұндағы бапкерлер құрамы өте мықты, басында Евгений Яровенко сияқты атақты бапкердің қол астында жаттығуға жүрексінгенім рас. Басқалар сияқты мен де онымен жұмыс істеуді армандаушы едім, - дейді шабыты тасыған футболшы.

Жобада Еркебұланның ұшқырлығы, жақсы техникасы және дриблингі бірден көзге түсті, бапкерлер штабы да оның оң аяқпен берген соққысын жақсы бағалады. Ойындар барысында жинақтаған бай тәжірибесі оны команда капитаны және көшбасшысы биігіне алып шықты.

"Футболдағы мансабымды қалыптастырсам деген үлкен арманым бар. Алдымызда финалдық ойын тұр. Басты мақсатым - шетелде ойнау. Бүгінгі таңдағы менің сенімді серіктерім - тәжірибе мен төзімділік. Өзімді финалдық ойында көрсеткім келеді, одан кейін Бірінші лигаға оралуға дайынмын, содан соң Премьер лигаға түссем деген ойым бар, одан кейін шетелге барып, тәжірибе жинақтасам деген жоспарым бар. Ал армандарымның ең бастысы - футболдан ұлттық құраманың намысын қорғау", - деп түйіндеді өз ойын Еркебұлан.

Еске салайық, Super Bol  жобасының аясындағы финалдық матч 29 шілдеде "Астана-Арена" стадионында өтіп, QJ League құрамасының ойыншыларымен бақ сынасады. Жанкүйерлерді тосын сыйлар мен 18:30-да басталатын ойын-сауық бағдарламасы күтеді. Ал матчтың өзі сағат 20:00-де басталады.

Ойынға Еуропаның ірі клубтарының скауттары мен әлемдік футболдың жұлдыздары қатысады. Матчтың хедлайнерлері Ирина Кайратовна тобы мен De lacure & Mulana болмақ .

Айта кетейік, Super Bol жобасына DARA президенттік бастамалар қоры қолдау көрсетуде.

"Құрылыста жұмыс істеді, ойын алаңы көрші ауылда болатын". Қазақстанда футболшы болу оңай ма?

Қазақстанның ойын алаңдарында доп теуіп жүрген бозбалалар Еуропаның ірі клубтарының скауттарының алдында бақ сынауға мүмкіндік алады.

Бұған дейін футболдағы жолы туралы команданың супер-форварды Бекзат Нұржан айтып берген еді. Сондай-ақ, реалити-шоудың ең жас қатысушысы Ғани Серенов өзі туралы әңгімеледі.

Super Bol: қазақстандық футболдың болашағы аула балаларының қолында

Спорт әлемінің жаңалықтарымен қазақ тілінде танысу үшін Massaget.kz сайтына өтіңіз!

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!