2 жыл, 17 мың шақырым: Қазақстанды жаяу аралаған 73 жастағы қария жаңа мақсат қойды

2 жыл, 17 мың шақырым: Қазақстанды жаяу аралаған 73 жастағы қария жаңа мақсат қойды
Фото: instagram.com/ulytaumen/

Жезқазғандық Сәрсенбай Қотырашов жаяу әлем аралауға саяхатқа шықпақ. 73 жастағы қарияны сапарына шығарып салу үшін қала тұрғындары жиналған. Қария былтыр Қазақстанды жаяу жүріп өткен еді. Ендігі меже - Жер шарын бағындыру, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

17 мың шақырымдық сапар екі жылға жоспарланған. Жиһанкездің айтуынша, дүниежүзін жаяу аралаудағы ең басты мақсатым - салауатты өмір салтын насихаттау және әлем жұртын бейбітшілікке шақыру.

"2 тамыз Атыраудан жаяу шығамын. Атырау-Астрахань-Дагестан-Чечня-Грузия-Турция. Турцияның Анкара және Ыстамбұл қалаларында боламын. Бұл - Жер шарын аралаудың бірінші бөлімі. Екінші бөлімін Алла қуат берсе келесі жылы бастаймын", - дейді жиһанкез Сәрсенбай Қотырашов. 

Айта кетейік, 73 жастағы ақсақал Сәрсенбай Қотырашов алты ай ішінде бүкіл елді аралап шыққан болатын. Қария Жезқазғаннан шығып, елдің шығысымен өтіп, Каспийге жетті. Ол барлығы 8000 шақырымды жүріп өтті.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек