Астанада қоғамдық көліктерде желдеткіш қосылмаса не істеу керек?

Бұл сауалға елордадағы "№1 автобус паркi" АҚ басқарма төрағасы Медет Шақаев жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жауапты маманның мәліметінше, бүгінде қалада жолаушылар тасымалымен 6 автобус паркі айналысады. Оның ішінде №1 автобус паркi мемлекеттік кәсіпорын саналады, қалғаны жекеменшікте.

"Біздің автобус паркінде кондиционері дұрыс істемейтін көліктер таңертең бағдарға шығарылмайды. Автобус жолда келе жатқанда кондиционер істен шығуы мүмкін. Мұндай жағдайда автобус соңғы аялдамаға жеткен соң желіден шығып, базаға барады. Сол күні кондиционері жөнделгеннен кейін, автобус қайта жолға шығады", - деді Медет Шақаев.

Жалпы, Астанадағы әр автобуста жүргізушінің аты-жөні және басқа да деректері арнайы тақтайшаға ілініп тұрады. Егер қызметкерлердің жұмысына қатысты шағым болса, қала тұрғындары 109 қызметіне – iKomek-ке хабарласуға болады.

"iKomek-ке түскен барлық шағым міндетті түрде қаралады. Біз шағымдарды зерделеп, тәртіптік жаза қолданамыз немесе басқа да шара қабылдаймыз", - деді автобус паркінің жетекшісі.

Ол ұсынған деректерге қарағанда, күн сайын елорда көшелерінде 850-ден астам автобус жүреді. №1 автобус паркі қаладағы барлық маршруттың 70 пайызға жуығын қамтиды. Нақтылай айтқанда, 38 қалалық бағдарға және 28 қала маңындағы бағдарға қызмет көрсетіп келеді.

Азамат Қойшығара

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!