"Өліп кетуі мүмкін". Қамаудағы Алмасхан Ахметжанов жүрек ауруына шалдыққан

"Өліп кетуі мүмкін". Қамаудағы Алмасхан Ахметжанов жүрек ауруына шалдыққан
Фото: almaty.tv

19 шілдеде ұсталған Алматыда урбанистика басқармасының экс-басшысы Алмасхан Ахметжановтың жүрегіне былтыр желтоқсанда күрделі операция жасалып, кеудесіне дефибриллятор орнатылған. Бұл туралы журналист Жанна Ахметова айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Екі апта бұрын Алматыдағы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы ұсталды. Оған әкімдіктің бұрынғы былықтарына қатысты айып тағылған. Іздеп-іздеп, кінәлі адамды тапқандай! (...) Қазір ол уақытша ұстау изоляторында отыр. Алмасхан Тілеуханұлы кінәсін мойындамады. Тергеу ұзаққа созылады, процесс қиын болайын деп тұр", - дейді Жанна Ахметова. 

Журналист Алмасхан Ахметжанов былтыр желтоқсанда күрделі операция жасатқанын айтты. 

"Оған дәрігерлердің тағайындауы бойынша реабилитация қажет. Оның кеудесіне дефибриллятор орнатылған, ол оның жүрегінің қалыпты жұмыс істеп тұруына әсер етеді. Ол аппарат үнемі дәрігерлердің бақылауында болуы керек! Операциядан кейін Алмасхан Ахметжанұлына қалыпты температуралық режим қажет. Тамақтануы мен бір күндік режимі жайлы айтпай-ақ та қояйын. Уақытша ұстау изоляторында қандай да бір жағдай болса көмектесе алатын кардиологтар бар ма? Кеуде дефибрилляторымен жұмыс істей алатын мамандар бар ма? Қажет медициналық жабдықтар бар ма? Әрине, жоқ!", - дейді Жанна Ахметова.

Ол мұндай науқастарды қамауға болмайтынын айтады. 

"Бұл барлық халықаралық нормаға қарама-қайшы! Осының бәрін біле тұра судьялардың оны қамауға құқығы жоқ. Үйқамақ - гуманистік емес заңды шешім, оны судьялар қабылдауға міндетті", - дейді Жанна Ахметова. 

Айта кетейік, дефибрилляция - жүректің қалыпты ағын қалпына келтіру үшін жүрекке жоғары энергиялы электр разрядын қолдану. Дефибрилляция бірнеше минут ішінде жүргізілмеген жағдайда адам өліп кетуі мүмкін.

Еске салайық, Алматыда урбанистика басқармасының экс-басшысы Алмасхан Ахметжанов 19 шілдеде ұсталған болатын.

Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы жер учаскелерін беру және объектілердің құрылысын келісу кезінде лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген. Мәселен, ол жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерінде, нысаналы мақсатына қарамастан және құрылыстың тығыздығын ескермей, жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі үшін 2020-2023 жылдары 3 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын заңсыз келіскен.

Нәтижесінде мемлекетке 307 миллион теңгеден астам сомаға жер учаскелерінің төленбеген кадастрлық құны түрінде залал келтірілді. Бұдан басқа, 2020 жылы медициналық орталық пен ХҚКО-ның құрылысын заңсыз келісе отырып (инвестициялық жобаларды іске асыру түрімен), мүдделі тұлғалардың жекеменшігіне жер учаскелерін төмен құны бойынша одан әрі негізсіз беруге ықпал етті. Шығын 180 миллион теңге.

Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда, басқа лауазымды адамдардың қатыстығы тексеріліп жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина