Алматыда урбанистика басқармасының экс-басшысы ұсталды

Алматыда урбанистика басқармасының экс-басшысы ұсталды
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлихан Сариев

Алматыдағы урбанистика басқармасының экс-басшысы ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша Алматы қаласының жер қатынастары саласындағы жүйелі жемқорлық фактілері бойынша қылмыстық істерді тіркеп, тергеуде.

Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы жер учаскелерін беру және объектілердің құрылысын келісу кезінде лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген.

Мәселен, ол жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерінде, нысаналы мақсатына қарамастан және құрылыстың тығыздығын ескермей, жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі үшін 2020-2023 жылдары 3 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын заңсыз келіскен.

Нәтижесінде мемлекетке 307 миллион теңгеден астам сомаға жер учаскелерінің төленбеген кадастрлық құны түрінде залал келтірілді.

Бұдан басқа, 2020 жылы медициналық орталық пен ХҚКО-ның құрылысын заңсыз келісе отырып (инвестициялық жобаларды іске асыру түрімен), мүдделі тұлғалардың жекеменшігіне жер учаскелерін төмен құны бойынша одан әрі негізсіз беруге ықпал етті. Шығын 180 миллион теңге.

Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда, басқа лауазымды адамдардың қатыстығы тексеріліп жатыр.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина