Қазақстандық актриса әрі модельдің суреті Нью-Йорк көшелерін жаулап алды

Қазақстандық актриса әрі модельдің суреті Нью-Йорк көшелерін жаулап алды
Фото: кейіпкер ұсынған

Қазақстандық актриса және модель Американы бағындыруда. Бұл жолы оның бейнесі Манхэттеннің орталық бөлігіндегі басты алаңның сәнін келтіріп тұр. Бойжеткеннің шығармашылық жетістіктері туралы Tengri Life толығырақ айтып береді.

Зарина Ева –Тараз қаласының тумасы, сән әлеміндегі алғашқы қадамын Қазақстанда бастаған ару кейін бұл кәсібін мұхиттың арғы жағындағы елде жалғастырды. Бойжеткеннің суреті алдымен Vogue, Harpers Bazaar, Elle, Glamour, L’Officiel, Maxim сияқты танымал журналдардың мұқабаларына шықты, әлемдік деңгейдегі сән сахналарында өнер көрсетіп, сұлулық байқауларында бақ сынады.

Қазір оның бейнесі Нью-Йорктегі халық көп келетін туристік орын Таймс-сквердегі басты алаңда тұр. "Бұл – менің орындалған тағы бір арманым", – дейді модельдің өзі.

"Тараздан түлеп ұшқан кіп-кішкентай қыздың Таймс-сквердегі ең үлкен билбордта тұруы адам сенбес оқиға. Әрбір қыздың өзіне деген сенімі зор болып, асқақ арманына барар жолда еңсесі түспегенін қалаймын. Өмірдің жолы бұралаң, талай сынақтар кездеседі, соларды көтере білу қажет. Талай қиындықтармен бетпе-бет келгенде, спорт пен модельдік бизнестің арқасында мен қасқая қарсы тұрып, мойымауды үйрендім", – дейді Зарина Ева.

Бойжеткен бала кезінде жуас болғанын, бірақ жүрек түкпірінде әлемге әйгілі болсам деген арманының жатқанын айтады.

"Бойым аласа болғандықтан, мені мазақ ететін, қысымға да ұшыраған кездерім болды, бірақ олар менің биік мақсаттарға ұмтылған ынта-жігерімді мұқалта алмады. Бала кезімде актриса болуды армандайтынмын, бүгінде ол арманым да орындалып келеді – қазір мен А тобының жұлдыздарымен бірге голливудтық екі фильмге түсу үстіндемін. Әзірге ол туралы ашып айта алмаймын", – дейді актриса.

Зарина әлем арманшылдардың, армандай білетіндердің қолында деп есептейді, сол себепті ол әр адамды жүрегін ашық ұстауға және жүрек түкпіріндегі асыл армандарын аялай білуге шақырады.

Суреттерді кейіпкер ұсынған

"Ғаламшар аруы Қазақстан-2022" атағының қазақстандық экс-иегері Диана Тәшімбетова Вьетнамда өтетін Miss Charm сұлулық байқауында еліміздің намысын қорғайды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!