Шымкентте экс-медбике есірткі жасырып жүрген жерінен ұсталды

Шымкентте экс-медбике есірткі жасырып жүрген жерінен ұсталды
Фото: Видеодан алынған кадр

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында қала аумағында психотроп заттарды жасырып жүрген бойжеткенді ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

"Жұмысқа" шыққан автоледи полицейлерді байқап, есірткі орамынан тезірек құтылу үшін, оны жолдың шетінде тұрған көлігінің астына лақтырып жіберген.

Жедел қызметкерлер буманың ішінен бір реттік 20 доза "синтетика" тапты.

Ұсталған бойжеткеннің көлігінің салонын тексеру кезінде тағы бір шағын орам гашиш тәркіленді.

Бұған қоса, оң жақ еден кілемшесінің астынан құпия орындарды қазуға арналған пышақ табылды.

Тергеушілер бұл жайтты ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.

"Бойжеткен жақында ғана медицина саласындағы қызметінен отставкаға кеткені белгілі болды. Қазір бұл жайт бойынша Еңбекші аудандық полиция басқармасы соталды тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Күдікті қамауға алынды", - деді қызметкер Бауыржан Қарбеков.

Полиция қызметкері есірткіні сату мақсатында заңсыз пайдалану бас бостандығынан айыру жазасына әкелетінін ескертті.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек