Алаяқтарға 5 млн теңгеге жуық алданып, қазір несиесін өтеп жүрген қыздың оқиғасы

Алаяқтарға 5 млн теңгеге жуық алданып, қазір несиесін өтеп жүрген қыздың оқиғасы
Фото: elements.envato.com

Журналист Гүлнар Мағзұмова жақын танысының басынан өткен оқиғасын айтып берді. Оның сөзінше, танысының қызы алаяқтарға алданып қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Журналистің сөзінше, алаяқтар онлайн түрде қыз баланың атынан бір банктен 1 900 000 және екінші банктен 2 431 00 теңгеге несие алған.

"Бәріңізге сабақ болсын деп жазып отырмын. Оқиғаның мәнісі былай: алдымен оның WhatsApp-нөміріне алаяқтар "Сіз Халық банктен 2 миллион несиеге тапсырыс бердіңіз бе?" деген аудио-қоңырау жіберген. Шошып кеткен қыз "Жоқ" десе, "онда сіз базадан шығып тұрсыз. Егер өтініш тастамасаңыз онда алаяқтар сіздің атыңыздан несие алғалы жатыр. Мен сізге бір қосымша (программа-еск.) жіберем, соны телефоныңызға жүктеңіз, сол арқылы екеуміз ол несиені отменить етеміз деген. Қорқып кеткен қыз бала дереу, мына қосымшаны жүктеп алған. Ар жақтан тағы да "астында бөлісіңіз деген дегенді басыңыз" деген команда берген. Әй аңқау бала-ай, (бала дегенде бойжеткен қыз) бөлісуді басып жіберген ғой. Сол-ақ екен, алаяқтар оның телефонын басқарып кеткен. "Не істеп жатырсың" деп сұраса, "сіз ештеме баспаңыз, мен жаңағы тапсырысты жойып жатырмын" деген", - дейді журналист. 

Біраздан соң телефонын өшіріп тастаған.

"Ертеңіне балама ақша жіберейін деп, Халық банк қосымшасын ашайын десем, бұғаттаулы тұр" дейді. Ж. 7111-ге қоңырау шалып, себебін сұрағанда барып несие рәсімделіп кеткенін бір-ақ білген. Алаяқтар мына қосымша арқылы Ж-ның атынан жаңа карта ашып алған (...) Бұл қандай сұмдық десеңізші!!! Осындай онлайн кредиттен жапа шегіп жүргендер күннен күнге көбейіп келеді. Қашан халықтың алаяқтарға қарсы иммунитеті әбден қалыптасқанша осы онлайн кредитті тоқтатуға болмай ма?

Баяғыда әрбір аялдамада кредит беретін пунктер ашылып, елдің бәрі босқа беріп жатқандай лап-лап несие алып, соның зардабын әлі тартып жүргендер қаншама. Онлайн несие рәсімдеудің соншалықты қолжетімді болып кеткені қалай? Несие керек адам банкке өзі барады емес пе? Әншейінде екі шоқып бір қарайтын банк қалайша теп-тез онлайн несие бере салады? Енді оны заң орындары қалай тексереді? Банк осындай жәбірленушілердің несиесін кешіре ме? Сұрақ көөөп, жауап қиын... Сақ болыңыздар! Егер банктегі несиені не істеуге болатын жолын білсеңіздер айта отырыңыздаршы", - деп жазды Гүлнар Мағзұмова. 

Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында алаяқ зейнеткердің атынан 2 миллион теңгеден аса несие рәсімдеп алғанын хабарлаған болатынбыз. 25 шілде күні Шортанды аудандық ІІБ кезекші бөліміне Дамса ауылының 64 жастағы тұрғыны жүгінген. Қарт кісі 2023 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында өз атынан белгісіз біреу Халық банкінен 1 300 000 теңге ақшалай несие және Kaspi банктен 1 миллион теңге тауарлық несие бергенін айтты. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 2 300 000 теңге.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина