"Тәкаппарлықпен бара алмадым". Айгүл Иманбаеваның ұлы әкесімен қарым-қатынасы туралы айтты

"Тәкаппарлықпен бара алмадым". Айгүл Иманбаеваның ұлы әкесімен қарым-қатынасы туралы айтты
Фото: Сәбит Әбдіхалықов. © auezov-theatre.kz/ Асылжан Абдумуталиев. Видео кадры

Сәбит Әбдіхалықов пен Айгүл Иманбаеваның ұлы Асылжан Абдумуталиев әкесі туралы айтып, жұртты елжіретті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Режиссер, кинооператор әрі "Өмірдің өзі" бағдарламасының жүргізушісі әкесі туралы сұрақтарға жауап берді.

Асылжан Абдумуталиевтің айтуынша, оның әкесі ашық, ақкөңіл әрі әзілқой адам.

"Әкем халықтың алдында жүрген азамат қой. Бірде Мейрамбек Беспаев ағам "сенің әкең өзгермейтін адам ғой" деп айтып еді. Жастығында қандай болса, қазір де сондай. Менің әкем қолы ашық, ақкөңіл, адамға көмегін аямайтын кісі, ал сыртқы көзқарас маған маңызды емес. Менің көз алдымда ол - әзілқой, кейде аңқаулау, бірақ еркек мінезді азамат", - дейді ол. 

Әкесімен қандай қарым-қатынаста екенін жасырмады. 

"Жасөспірім кезде әкемнің тарабынан кеңестер жетіспеді. Бірақ өзім барып сұрасам, әрине, ол кеңес берер еді. Бірақ мен тәкаппарлықпен бара алмадым, ол да сұрамады. Есейе келе, шетелде оқып жүргенде "неге мен әкеммен сырласпаймын? Неге мен сырласа алмаймын? Менде мүмкіндік бар ғой. Оның көзі тірі. Балалық шағымда бола алмай қалған сәттерімді еске түсіріп, ақыл-есім бар. Бәрі қолымда ғой" деп ойладым. Оқу бітіріп, Алматыға келгенде жақын араласа бастадық. Ол кісінің өмірінде жұмысына қатысты қиын жайттар болды, сол кезде көп сырластық. Ол өзінің өмірі жайлы, жіберген қателіктері туралы айтты. Мен өз жағдайымды айттым. Арамызда түсініспеушілік болады, бірақ әке мен бала ретінде қарым-қатынасымыз жақсы. Екеуміздің де "жынды" мінезіміз бар, кейде шайқасып қаламыз, бірақ сол үшін араласпай кеткеніміз болмады", - дейді ол. 

Асылжан Абдумуталиевтің айтуынша, ол әкесін ұстаз ретінде санайды. Өйткені ол кісінің берері де, айтары көп. Режиссер әкесімен қызық оқиғаларын бөлісті. Оның айтуынша, Сәбит Әбдіхалықов бір кездері ұлының жұмысына көмектескен. 

"Әкем менің шығармашылығыма араласпайды. Бірақ сол кезде қиын сахнаны түсіруге көмектесті. Сондай бір тәтті сезім болды. Жалғыз емес екенімді, артымда тірегім барын сезіндім. Бір күні түнде әкем хабарласып тұр. Сол кезде достарымен отырған болуы керек. Бір кезде "балам, мен сенімен мақтанамын! Құдайға сен сияқты ұл бергеніне қуаныштымын, рақмет" деп айтты. Бала кезде қасымда болмай-ақ қойсын, тәрбиелемей-ақ қойсын, лебізін осылай көрсеткеннің өзі күш береді", - дейді ол. 

"Мама, Алтынай тәте жақтырмайды". Айгүл Иманбаева ұлын әкесімен не себепті араластырғанын айтты

Айта кетейік, Айгүл Иманбаева - эстрада әншісі, актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері. Ол - танымал актер әрі режиссер Сәбит Әбдіхалықовтың бірінші әйелі, олардың Асылжан атты ұлдары бар.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек