"Мама, Алтынай тәте жақтырмайды". Айгүл Иманбаева ұлын әкесімен не себепті араластырғанын айтты

"Мама, Алтынай тәте жақтырмайды". Айгүл Иманбаева ұлын әкесімен не себепті араластырғанын айтты

Әнші, актриса Айгүл Иманбаева "Ел арна" телеарнасындағы "Өмірдің өзі" бағдарламасында өз әкесі және ұлының әкесі, бұрынғы күйеуі Сәбит Әбдіқалықов туралы айтты. Сұхбатты актрисаның өз ұлы Асылжан Сәбитұлы алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Айгүл Иманбаева әуеліде өз баласын әкесімен араластырмауға, одан біржола айыруға тырысып, құжат та жинағанын айтты. Алайда бұл шешімінен бас тартуға өз отбасындағы жайт себеп болған.

"Әкем мен шешемнің, туған інімнің өмірі өз баламды әкесінен айырмауына сабақ болды. Мен де кезінде сені әкеңмен араластырмай, түгел әкелік құқығынан айырып, құжат жинаймын деген қадамдарға бардым. Сол кезде інім өмірі араласпаған әкесіне барған кезде сабақ деп қабылдадым. Бұл - маған келген белгі. Баланы әкеден айыруға болмайды деген тоқтамға келдім", - деді ол ұлына.

Актриса сонымен бірге баласына әкесін мүлдем жамандамауға тырысқанын айтты.

"Анам әкеме деген қызғанышын білдіріп, араласқанымды іштей қаламай және әкемнің тек жаман қасиеттерін айтқаны сабақ болды. Мен саған барынша әкеңді жамандамауға тырыстым. Қатты бір ұрысқан кезде саған екі-үш рет "Әкең осындай" деп айтып, эмоциямның шыққанын жақсы білемін. Бірақ дәл анам маған кезінде айтқандай мен ондай қателік жасадым деп ойламаймын. Сені қызғанған жоқпын. Өйткені мен ата-енемді - сенің ата-әжеңді күні бүгінге дейін сыйлаймын, жақсы көремін, жүрегіммен, өтірік емес. Ол кісілердің тек жақсылығын көргеннен кейін, ата-тегін жақсы білгеннен кейін шығар қызғаныш сезімі болмады. Керісінше, тамырыңды байлауға тырыстым. Әке-шешемнің тағдырын мен қайталадым ғой, сол саған өтіп кетпесе екен дедім. Қателіктер болып, өтіп кеткенін білемін, бірақ әрі қарай тамыр қуалап кетпесе екен, балам қазір шешіп алса екен деген ниетпен әке-шешемнің қателігін саған істемеуге тырыстым", - деді ол.

Айгүл Иманбаева осы себепті де баласының әкесімен араласуын қолдаған. Ол бір кездері "Алтынай тәте жақтырмайды" деп жылап келсе де, ұлын әкесіне жібере берген.

"Қызғанбауға тырыстым, араласқаныңды қаладым, өзің қанша қаламағаныңмен де, қайта-қайта жіберіп тұрдым. Алтынайменен Сәбит тұрып жүрген кезде де барғың келмей жылап келетінсің. Сол кезде де "Папаң, папаң" деп қинап жіберетінмін. "Мама, Алтынай тәте жақтырмайды" деп жылап келетінсің. Сонда да сені әкеңе жақындата беруім қазіргі жеңісім сияқты көрінеді. Менің жүрегім тыныш, балам әкесіз емес", - деді ол.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан