Адамшошырлық статистика: 150-ден аса бала терезеден құлап көз жұмған

Кейінгі бес жылда 150-ден аса бала терезеден құлап көз жұмды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жақында Шығыс Қазақстан облысындағы балабақшада бала терезеден құлады. Оқыс оқиға түсте болған. Тәрбиеші құжаттарды басып шығару үшін топтан шығып кеткен. Бөлмеде оның көмекшісі қалған. Ол баланың ұйқыдан тұрып, әжетханаға шығып кеткенін байқамаған.

"Бала екінші қабаттың терезесінен құлап кетті. Өз міндетін дұрыс атқармаған тәрбиеші жұмыстан шығарылды. Ал тәрбиешінің көмекшісіне қатаң сөгіс жарияланды. Ал Шымкентте 7 жастағы бала екінші қабаттан құлап, мерт болды. Оқиға Әл-Фараби ауданы, Есіл көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болды. Анасы ол кезде жуыну бөлмесінде болған", - дейді ШҚО Алтай аудандық білім бөлімі басшының міндетін атқарушы Ольга Рогожина. 

Шымкентте жыл басынан бері терезеден құлау бойынша төрт жағдай тіркелген. Оның ішінде екі бала қаза болған, екі бала жарақат алды.

"Ақмола облысында да осындай жағдай қайталанды. Үш жасар қыз төртінші қабаттағы пәтердің терезесінен құлаған. Салдарынан баланың бас миы жарақаттанып, қабырғалары сынды. Қызылордада да баланы қараусыз қалдырған. Бір күннің ішінде екі бала терезеден құлады. Қазір бүлдіршіндер ауруханада жатыр", - дейді қалалық ТЖД ТЖ алдын алу бөлімінің бастығы Ирисмат Махмудов. 

Елімізде мұндай жағдайдың жиілегені жасырын емес. Оған дәлел, кейінгі бес жылда 150-ден аса бала терезен құлап, көз жұмған. Мамандар қауіпсіздікке аса мән беру қажетін ескертеді.

"Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері үйдегі жиһаздардың терезеге жақын орналасуы, балалардың өздігінен көтерілуіне ықпал етіп, москит торларын пайдаланбау, терезелерді ашық қалдыру", - дейді қалалық ПД ресми өкілі Нұралы Тәңірбергенов. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!