Алматы тұрғыны Досаевтың көмекшісі болғысы келетінін айтты

Алматы тұрғыны шенеуніктердің немқұрайдылығына қарсы күресте Ерболат Досаевтың көмекшісі болғысы келеді. Бұл туралы ер адам Алматы әкімі мен Алатау ауданы тұрғындарының кездесуінде айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Сұрақ-жауап барысында Теректі шағынауданының тұрғыны сөз сөйледі. Оның шекарасы Алматы облысымен шектеседі.

"Мен шеткі көшеде тұратын 100-ден аса тұрғынның атынан келіп тұрмын, біз облыспен көршіміз. Биыл қаңтарда осындай жиында сөз сөйлеген едім, сондықтан сабырлы болдым, себебі менің сұрағым хаттамаға енгізілгені айтылды. Бірақ қазір менде тыныштық жоқ, себебі мәселе шешілген жоқ, тек ушығып кетті. Аудан әкімі жағдайды біліп, бізді толық қолдап отыр. Біздің "Алматы Бас жоспарына", сондай-ақ қала құрылысы және урбанистика басқармасына сұрақтарымыз бар. ҚҚУБ ештеңе істемеді, ешқандай нұсқауды орындамады.

Өйткені бір апта бұрын бізге 20 пайыз әсер еткен "қызыл сызық" мәселесі қазір 100 пайызды алып, барлық учаскеден өтетінін білдік. Яғни, болашақта үйлеріміз сүріледі екен. Өз басым сізге ешқандай шағымым жоқ, басқармаға қатысты сұрақтарым бар. Менде тіпті мынадай ұсыныс бар: мүмкін мен сіздің немқұрайдылыққа қарсы штаттан тыс көмекшіңіз болармын. Өйткені қаладағы барлық мәселенің 90 пайызының түп-тамыры шенеуніктердің селқостығынан. Шенеуніктер бейжай қарамай, тым болмағанда хаттамаға енген сұрақтарды тыңдап, орындаса, мұндай сұрақтар ешқашан туындамас еді", - дейді өзін Азамат деп таныстырған ер адам.

Бұған жауап ретінде Ерболат Досаев қала тұрғынының пікірімен келіспейтінін айтты. Қала әкімінің айтуынша, оның қарамағындағылар мен әріптестерінің 90 пайыздан астамы аптасына жеті күн жұмыс істеп, мереке күндері де жұмыста қалады.

"Шенеуніктердің немқұрайлығы туралы айтқанда, біз бәріміз әртүрлі адамбыз, мүмкін біреулер шынымен немқұрайды қарайтын шығар. Бірақ мен әкімдікте жұмыс істейтіндердің 90 пайыздан астамы демалыссыз және үзіліссіз жұмыс істейтінін айта аламын. Олардың демалыс күндері жоқ, өйткені өкінішке қарай, жұмыс сондай. Сондықтан шенеуніктердің немқұрайдылығы туралы: бір жерде олар мәселені шеше алады, бір жерде жоқ.

Өкінішке қарай, Алматы облысының шекарасына дейін келгеннің бәрі осындай мәселелер. Яғни, бір кездері ол дұрыс жоспарланбай, аумақ механикалық түрде қосылып, қазіргі кезде қиындықтар туындап отыр. Бірақ, қаңтарда және оның алдында айтқанымдай, қала дамуы керек. Сондықтан биыл мамырда Үкімет жаңа бас жоспарды бекітті, енді жарты жылдың ішінде егжей-тегжейлі жоспарлауды түзетуіміз керек. Оның аясында барлық мәселе қаралады", - деп түсіндірді Алматы әкімі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!