"Рашизм фашизмнен де қауіпті". Украинадағы соғыс немен аяқталуы мүмкін?

"Рашизм фашизмнен де қауіпті". Украинадағы соғыс немен аяқталуы мүмкін?
Фото: Facebook.com/GeneralStaff.ua

Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғалы 572 күн өтті. Бір жыл ішінде әлем елдері Украинаға түрлі көмек көрсетіп жатыр, алайда қаза тапқандар, бұл соғыстың зардабын шеккендер аз емес. Ресей мен Украина текетіресі немен аяқталуы мүмкін? Massaget.kz тілшісі заңгер, халықаралық құқық маманы Әйгерім Құсайынқызымен сұхбаттасты. 

Соғыс қашан аяқталуы мүмкін?

Заңгердің айтуынша, соғыс басталғанда әлем ғалымдары оның аяқталуына байланысты жағымды сценарийлр айтқан, алайда қазір көбі қандай да бір болжам жасауға жүрексінеді. Жалпы мамандар соғыс әлі 3 жылға созылуы мүмкін деген пікірге келген. 

"Былтыр ақпанда соғыс басталғанда-ақ батыстық ғалымдар 2023-2024 жылдың соңында дейін соғыс аяқталады деген болжам жасаған болатын. Украна мен Ресейдің қаруын, қарқынын ескере отырып, қазір қандай да бір болжам жасауға көп ғалым мен сарапшының жүрегі дауалай бермейді. Себебі соғыстың жалпы жүру стратегиясы, алгоритмі ақылға қонбайды. Мысалы Вагнермен болған жағдай, Одессаға қарулы қақтығыс немесе Мәскеуге жіберілген дрон сынды жағдайлардан кейін жалпы соғыс 2025-2026 жылға дейін созылады деген болжам бар", - деді ол. 

Facebook.com/GeneralStaff.ua

Текетірес сценарийлері қандай?

Маманның айтуынша, соғыстың аяқталуын ғалымдар бірнеше сценарий арқылы қарастырады. 

"Бірінші сценарий - Путин жеңілгенін мойындап, Қырымды Украинаға қайтарады, демилитаризацияға (соғыстан бас тарту - еск.) ұшырайды. Бұл - оптимистік сценарий. Екінші сценарий бойынша, Зеленский мен Путин үшінші мемлекеттердің көмегімен дөңгелек үстелге отырып, бір келісімге келеді. Қырым Ресейде қалады, Ресей мен Украина бейбітшілік туралы келісімге келеді деген болжам бар. Үшіншісі - қауіпті сценарий. Ресей мен Украина арасындағы соғыс тоқтамай, НАТО-ның мүше мемлекеттеріне қарулы күш жұмсайды. Яғни, Ресей Беларусьті қоспағанда Польшаға, Чехияға, Эстонияға талпыныс жасап көруі мүмкін", - дейді заңгер.

Facebook.com/GeneralStaff.ua

Путин Гаагада жауап беруі мүмкін бе?

Жалпы Украина мен Ресей арасындағы соғысты зерттейтін ғалымдар, конфлигтологтардың айтуынша, материалдық жағынан, қару-жарақ жағынан барлығы Украинаны қолдап отырғанымен, бұл Украина үшін жеңіс күні жақындады деген сөз емес. Өйткені Украинадан үлкен шығын келіп жатыр. Ал мамандар Ресейдің қылмысына байланысты Путинді Гаагадағы мінберде көру ықтималдығы өте төмен екенін айтады. 

"Жақында Гаагада Нидерландтың сыртқы саясат бойынша сарапшысымен сөйлестім. Ол Путинді Гаагада көру ықтималдығы 2-3 ғана пайыз екенін алға тартты", - дейді заңгер. 

Бұл соғыс Қазақстанға қалай әсер етеді?

Кез келген текетірес жанама болсын Қазақстанға әсерін тигізбей қоймайды. 

"Соғысты болжау ешқандай заңға жүгінбейді. Бұл соғыс Қазақстанға да кесірін тигізбей қоймайды. Біз алдағы 5  жылда еліміздің экономикасының құлдырауына, инфляцияға, девальвацияға дайын болуымыз керек. Себебі Ресей біздің көршіміз ғана емес, ол - саяси, әскери, мәдени ең үлкен стратиегиялы серіктес. Байқасаңыз, сол үшін қазір еліміздің сыртқы саясатында Қазақстан Ресейден келетін тауарлардың орнын басу мақсатында басқа да сыртқы серіктестер іздеп жатыр. Олардың үлесі қазір көбіне Қытайға келіп жатыр. Бұл Қытай мен Қазақстан арасындағы синофобиялық көзқарастың (Қытайдан қорқу - еск.) төмендегенін көрсетті. Шетелдік ғалымдардың айтуынша, енді Қытай мен Қазақстан арасында сауда-саттық қатынас күшейеді", - дейді заңгер. 

facebook.com/GeneralStaff.ua

Соғыс аяқталған соң, қандай өзгеріс болуы мүмкін?

Маманның бұл соғыс біткенімен ол дүниежүзілік аренада айтарлықтай өзгеріс алып келмейтінін айтады.  Ғалымдар Путиннің саясатын жалғастыратын ізбасарлар барына, ол жүйе болып кеткеніне көз жеткізген. 

"Оның пікірін қолдайтын адам көп. Онда тек кремльдегілер емес, соғыстан кейін қарапайым халықтың оған деген сенімі артқанын байқауға болады. Бұл жақсы тенденция емес, себебі Путин жеңілгеннің өзінде Германия, Жапония сияқты тізе бүгіп кешірім сұрау, репарация (қалпына келтіру - еск.) болмайтынын айтады. Әрине, халықаралық нормалар репарация (қалпына келтіру - еск.) , реституция (шығынды өтеу - еск.)  жасауы керек. Жәдігерлерді қалпына келтіру бойынша жауапкершілік алуы керек. Ғалымдардың айтуынша, қазір рашизм фашизмнен де қауіпті болып бара жатыр. Әрине, оған көбі сене бермейді. Бірақ кейінгі 5 жылдағы Халықаралық соттың дәрменсіздігі адам құқығына, бейбітшілікке, адамгершілік сияқты құнды дүниелерге сенімсіздікке әкеледі", - дейді ол. 

Заңгердің айтуынша, соғыс 2025-2026 жылдары аяқталады деген болжам бар. Ол тек қалаларды бомбалау арқылы емес, сонымен қатар, Ресейдің ішінде кішкентай азамматтық текетірестер 

Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский елдегі жағдай 2023 жылы аяқталуы мүмкін екенін болжаған еді.

"Менің ойымша, украиналықтар келесі жылы ең ықпалды халық болады. Бірақ бейбіт уақытта", - деген еді ол.

Еске салайық, Украинада соғыс былтыр 24 ақпанда басталды. Путин оның мақсаты Донбасс тұрғындарын қорғау екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол Украинаны демилитаризациялау мен денацификациялау екенін айтты. Соғыс барысында Ресей әскері көп бөлікті бақылауға алды. Кейін бұл аумақтар Ресейдің құрамына кірді, 19 қазаннан бастап аймақтарда әскери жағдай енгізілді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек