Қайғылы жағдай әкімдік алдындағы субұрқақта болған - Фото

Шымкент қалалық әкімдігі алдында қарама-қарсы орналасқан субұрқақта шомылған 10 жасар бала мерт болды. Бұл бірінші рет емес. Осыған дейін де еліміздің әр жерінде субұрқақта қайғылы жағдайлар орын алған еді. Massaget.kz тілшісі аталмыш субұрқаққа арнайы барып, мәселеге тереңірек үңіліп көрген еді.

Қайғылы оқиға 24 шілде күні кешкісін болған. Шымкенттегі Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының бойында орналасқан алаңдағы субұрқаққа 10 жасар бала батып кеткен.

"Бала ата-анасының қадағалауынсыз жүрген. Қазір Полиция департаменті сот-медициналық сараптама тағайындады", - делінген Шымкент қаласы ТЖД қоғаммен байланыс тобы таратқан ақпаратта.

 

 Қала тұрғындарының айтуынша, әкімдік алдында орналасқан субұрқақты жақын маңдағы тұрғын үй кешендерінің балалары ойын алаңына айналдырған. Ата-анасының қарауынсыз жүрген балалар субұрқаққа түсіп, аптап ыстықта уақыт өткізеді. Қала әкімдігінің алдында орналасқан субұрқақ балалардың ғана емес, үлкендердің де серуендеп қайтатын сүйікті орнына айналған. Өйткені қала әкімдігінің маңы саябақтармен қоршалып, кешкі уақытта серуендеуге таптырмас орын.

Қазіргі таңда қайғылы оқиға болған субұрқақтың жұмысы тоқтатылған. Үш ярусты субұрқақтың биіктігі 2 метр шамасында. Суы тоқтатылған фонтанда электр сымдары жатыр. Десе де субұрқаққа балалардың түспеуі үшін полицейлер күзетіп тұр.

"Субұрқақ суға түсуге арналмаған. Субұрқаққа түскен азаматтарға әкімшілік құқық бұзушылық ретінде тіркеліп, ескерту жасалады. Егер де қайталанған жағдайда 2 АЕК айыппұл салынады", - дейді Шымкент қалалық ПД ЖПҚ аса маңызды тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Шарен Бекенов.

 Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының мәліметінше, қала аумағында 37 субұрқақ орналасқан. Қазіргі уақытта оның 25-і жұмыс істеп тұр. Мамандар субұрқаққа түсуге болмайтынын ескертеді. Өйткені әр субұрқақтағы су ұңғымалардан алынады және ол суға түсуге арналмаған. Сондай-ақ, ең басты қауіп - субұрқақтардағы электр сымдары. Зақымданған электр сымдарынан тоқ соғу қаупі бар.

Бұдан бөлек, субұрқақта түрлі инфекцияларды жұқтыру қауіпі бар екенін де ескерген жөн. Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті маманы Алдарқұл Ахметов "Субұрқақтағы су арнайы тазалаудан және дезинфекциядан өтпейді. Сол себепті суда түрлі инфекциялардың берілу қаупі жоғары. Ал суды жұтып қойған балалар ішек инфекциясын жұқтырып, ұзақ уақыт емделіп жатады" дейді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!