Абай облысының әкімі Бобровка және Мұрат саяжайларының тұрғындарымен кездесті

Абай облысының орталығындағы Бобровка, Мұрат саяжайларындағы түйткілді мәселелер аймақ басшысының тікелей бақылауына алынған. Тұрғындарды толғандырған сұрақтарды шешу мақсатында Нұрлан Ұранхаев халықпен кездесулер өткізіп келеді. Бүгінгі жиында мамыр айындағы алғашқы кездесуден кейінгі атқарылған жұмыстар пысықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешу үшін өңірлік әкімдік тарапынан "Жол картасы" әзірленген болатын. Соған сәйкес саяжайларда жол белгілері мен 4 "Сергек" камерасы орнатылып, 60-тан астам рұқсат етілмеген қоқыс алаңдары жойылды (4370 м3 қоқыс шығарылды). Сондай-ақ 11 аялдама орнатылып, тағы үшеуін алдағы 15 күннің ішінде құру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек шілде айының соңында Бобровка және Мұрат тұрғын алқаптарында балаларға арналған ойын, одан бөлек спорт, жеңіл атлетика алаңдары салынады. Қазір тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан жер телімін бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жиын барысында халық "Жол картасы" аясында атқарылып жатқан жұмыстарға өз ризашылықтарын білдірді. Десекте, халықтың басым бөлігі "Семей.Мұрат.Доверие" және "Бобровка" ӘБТК жергілікті қоғамдық бірлестіктің қызметіне қатысты шағымдарын ашық жеткізді. Тұрғындардың айтуынша, кооператив төрағалары қызметтік өкілеттіктерін қолданып, билікті асыра пайдаланған.

Облыс әкімі екі кооперативке қатысты жұмыстың барлығы заң аясында іске асатынын және барлық құзырлы органдар бірлестікке қатысты мәселені шешу бағытында жұмыстаржүргізіп жатқанын айтты.

Бір сағатқа созылған жиынды қорытындылай келе Нұрлан Ұранхаев және тұрғындар 2 тамыз күні қайта кездесу өткізуге келісті.

Материалды Абай облысының әкімдігі ұсынған

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!