Қотырбұлақ өзенінің түбіне қоқыс жетті

Алматы облысындағы Қотырбұлақ өзені қоқысбұлаққа айналды. Бастауын Алатаудың шың құздарынан алатын өзеннің тазалы тым нашар. Мөлдір су елді мекендерге жеткенде ластанып, лайланып кетеді. Оған басты себеп адамдардың санитарлық мәдениетінің төмендігі. Ағын суға тұрмыстық қалдық тастау тыйылар емес, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өзенде не жоқ дейсіз; әйнек сынығы, пластик құтылар, көлік дөңгелегі мен қалбырлар. Ең жаманы целофан пакеттер. Пакет өзен суын бітеп қана қоймай, табиғатты ластайды. Осының барлығы өздігінен суға түспейтіні анық. Адам кесірінен өзен суы күн сайын былғанып, ластанып жатыр. 

 Ауыл тұрғыны Бақытжан Жақашбаев табиғат жанашыры. Көрінген жерге қоқыс тастап кетушілермен  күресіп келеді. Үйі көпірдің қасында. Ойын балалары велосипедпен құлап кете берген соң өзі қоршау орнатқан. Соған қарамастан "қасақана келіп қоқыс төгетіндер бар" дейді ауыл тұрғыны Бақытжан Жақашбаев.

"Арықтың жағасын өзім қоршадым. Таза ұстағым келді. Баклашкадан су көрінбейді. Видеокамера қойдым, осында жазу да жаздық "Мусор тастамаңыздар" деп. Сонда да халыққа бәрібір. Қоқыс лақтыра береді. Өзіміздің төмендігіміз деп ойлаймын осыны. Өзіңнің тұрған жеріңді таза ұстау керек" дейді табиғат жанашыры.

 Өзен үйлердің арасымен ағып жатыр. Қотырбұлақтың нағыз қоқысбұлаққа айналып кеткенін ауыл тұрғыны ауласына кіргізіп көрсетті. Қоршауға тірелген қоқысты көріп, табиғатқа жаның ашиды. Ал оны жинап жатқан ешкім жоқ. Бұл мәселені Тұздыбастау ауылдық әкімдігі мамандарынан сұрадық. Мамандар тұрғындарды тазалыққа шақырамыз, ескеру жасаймыз. Аптасына бір рет тазалау жұмысы жүреді деді. Бірақ, өзеннің ахуалы аянышты-ақ.

 "Қоқыс тастаған адамдарды анықтап, айппұл салып жатырмыз ұсталған жағдайда. Видеофиксация, фото болған жағдайды салып жатырмыз. Қоқыс тастаса ескерту береміз, екінші рет айыппұл салынады" деді Тұздыбастау ауылдық округі әкімдігінің мамандары.

Өзеннің суы көктемде молайса, жазғы маусымда таязданып кетеді. Ол етектегі Қапшағайға, одан әрі Ілеге қосылады. Бір өзен үлкен экологиялық жүйені құрайды. Сондықтан оның тазалығын сақтау, табиғат сыйын қастерлеу табиғат ана алдындағы қасиетті борыш болу керек. Бірақ, соны ұқпайтын, түсінбейтін адамдар бар. Жалпы әкімшілік құқық бұзу кодексі бойынша рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тасталған дерек анықталса, жеке тұлғаға жауапқа тартылады. 60 мың теңгеге жуық айыппұл төлеуі мүмкін.

Саламат Сабыр

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!