Алматы облысындағы ауыл тұрғындары суды тасып ішеді

Алматы облысындағы Шалкөде ауылында ауызсу жеткіліксіз, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап. 

Тұрғындар тіршілік нәрін тасып ішуге мәжбүр. 2 жыл бұрын ауылға орталықтандырылған су құбыры тартылған. Бірақ мердігердің жауапсыздығынан құрылыс аяқсыз қалған еді. Биыл ол қайта жанданды. Шалкөде ауылының әр көшесінде суағар бар. Су сарылдап ағып тұр. Орталықтандырылған су жүйесі болмағандықтан, тұрғындар суды көшеден тасиды. Көп жылдан бері "құмған алып, суға баратын" жұрттың бойы бұған үйреніп қалды. Дегенмен қарияларға қиын. Күнделікті тұрмыста сусыз еш шаруа бітпейді.

"Су тасу машақатынан қашан құтыламыз?", - дейді ауылдықтар.  

"Тасып ішеміз суды. Не кір жуғыш машина қоса алмаймыз, не картошка еге алмаймыз бақшаларға. Сол біздің негізгі мәселеміз", - дейді ауыл тұрғыны Бахаргүл Самықова.

"Жаңа су бойынша көшемізге су әлі келген жоқ. Су құбырын өткізіп қойды. Бірақ жоғарғы жағында үлкен дамба жасалып жатыр. Суымыз қашан келетіні белгісіз", - дейді тұрғын Еркебұлан Ботайұлы.

Су құбыры ауыл көшелеріне 2 жыл бұрын тартылған. Бірақ содан бері тіршілік нәрі жоқ. Себебі су жинайтын нысанның құрылысы аяқсыз қалды. Бұған жауапты мекеме міндетін дұрыс атқармай, үйлерге бір тамшы да су жеткен жоқ. Аудан басшылығы болса кемшілік жойылып, мәселе шешімін табады деп отыр.

"Енді тек қана резервуар дейді ғой. Су жинайтын орын. Сол жері бітпей тұр. Қазір орның қаражаты жіберілген жоқ. 37 млн теңгесі тұр. Сот процесі бітті. Енді сол жұмысты аяқтап, бізге бітіріп береді биыл", - дейді Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсембаев. 

Аудан әкімінің сөзінше, резервуар 2 айда жөнделіп бітеді. Содан кейін су құбырға жіберіледі. Оған қосылу тұрғындардың өз еркі. Сонымен бірге Райымбек ауданында орталықтандырылған су жүйесін Тұзкөл ауылына жүргізу керек. Оның жобалық құны әзірленді. Бюджеттен қаражат қаралса, жұмыс келер жылы басталады.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!